Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев студенттерге берілетін төлемдерге қатысты қазіргі және алдағы салықтық талаптарды түсіндірді. Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттердің шәкіртақыларына салық салынбайды. Бұл «Болашақ» бағдарламасы бойынша төленетін шәкіртақылар мен мемлекеттік тапсырыс аясында жолақыға берілетін өтемақыларға да қатысты.
Ал шетелде оқитын қазақстандық студенттердің шәкіртақысы мен гранттары әзірге салықтық жеңілдікке жатпайды. Мұндай жағдайда азаматтар табыс пен мүлік туралы декларацияны өздері тапсыруы қажет. Сондай-ақ, егер 2024 жылдың соңында студенттің шетелдегі банктік шоттарында 3,6 млн теңгеден артық қаражат болса, ол да декларацияда көрсетілуі тиіс.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, шетелде оқитын студенттердің гранттары мен шәкіртақыларына салық салынбайтын болады.