Оның айтуынша, баға өсімі негізінен шетелден әкелінетін көліктерге қатысты болмақ. Ал отандық кәсіпорындарда құрастырылатын автокөліктердің құны бұрынғы деңгейде сақталады. Бұған себеп — 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаюына қарамастан, қазақстандық зауыттардың өндіріс тиімділігін арттырып, жергілікті құрамдас бөлшектер үлесін көбейту арқылы қымбатшылықты тежеуге ұмтылуы.
Автокөлік одағының басшысы соңғы жылдары отандық көліктерге деген сенімнің айтарлықтай артқанын атап өтті. Себебі еліміздегі зауыттар тек құрастырумен шектелмей, сервистік қызметті де толық қамтамасыз ете алады. Бұл ұзақ мерзімде көлікті күтіп-ұстау шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
«Автокөліктің бастапқы бағасы — барлық шығынның бір бөлігі ғана. Негізгі шығын сервис пен қосалқы бөлшектерге кетеді. Нарық тұрақсыз кезеңдерде шетелден бөлшек жеткізу қиындап, бағасы да өседі. Осы тұрғыдан алғанда, отандық көлікті пайдалану жалпы алғанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін», — деді Анар Мақашева.