Реклама
weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

⁠Қазақстан мен Қырғызстанның қызмет бағасында айырмашылық қандай?

Қырғызстанда қызмет көрсету бағасы Қазақстанға қарағанда жылдамырақ қымбаттап жатыр. Бұған коммуналдық қызметтер, білім беру және қонақүй-мейрамхана саласындағы бағаның өсуі әсер еткен. Бұл туралы Newsroom.kz салыстырмалы статистикалық деректерге сүйене отырып хабарлайды.
 

⁠Қазақстан мен Қырғызстанның қызмет бағасында айырмашылық қандай?
Фото: Ашық деректер көзі

Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында елде халыққа көрсетілетін қызметтер тарифтері 11,4%-ға өскен. Жалпы тұтыну бағалары осы кезеңде 7,6%-ға артқан. 

Қазақстанда Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы тамызда ақылы қызметтердің бағасы жылдық есеппен 8,9%-ға қымбаттаған. Жалпы инфляция 9,8% болды.

Қырғызстандағы қызмет бағасының өсуіне тұрғын үй және коммуналдық қызметтер айтарлықтай әсер еткен. Берілген салыстырмалы деректерге сәйкес, қаңтар–тамыз айларында тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу қызметтері 38,1%-ға, жылу энергиясы 17,5%-ға, сумен жабдықтау 17,3%-ға, электр энергиясы 11,4%-ға қымбаттаған.

Қазақстанда бұл санаттағы өсім салыстырмалы түрде төмен болды. Тұрғын үйді күтіп ұстау және қызмет көрсету 6,2%-ға өскен. Коммуналдық қызметтердің ішінде газ бағасы 16,3%-ға көтерілсе, жылу 0,1%-ға, ыстық су 1,8%-ға, қоқыс шығару 3,1%-ға және электр энергиясы 7%-ға қымбаттаған.

Баға айырмашылығы білім беру саласында да байқалады. Қырғызстанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында білім беру қызметтерінің құны 22%-ға өскен. Қазақстанда бұл көрсеткіш 8,9% болған.

Қонақүй және қоғамдық тамақтану саласында да айырмашылық бар. Қырғызстанда мейрамхана мен қонақүй қызметтері 22,2%-ға қымбаттаса, Қазақстанда өсім 12,1% деңгейінде болған.

Алайда барлық қызмет түрінде жағдай бірдей емес. Мәселен, Қазақстанда амбулаториялық қызметтердің бағасы 13,1%-ға өскен, ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш 10,6% болды. Байланыс қызметтері де Қазақстанда 9,7%-ға қымбаттаған, ал Қырғызстанда бұл бағытта баға айтарлықтай өзгермеген.

Неге айырмашылық пайда болды?

Мұндағы маңызды факторлардың бірі – коммуналдық тарифтердің өзгеруі. Қырғызстанда жыл басынан бері бірқатар тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері айтарлықтай қайта қаралған. Соның әсері жалпы қызметтер бағасының индексінен де көрініп отыр.

Сонымен бірге Қырғызстан экономикасында қызмет көрсету секторының үлесі жоғары. Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2026 жылдың қаңтар–тамызында қызмет көрсету салалары елдің жалпы ішкі өнімінің 49,2%-ын қалыптастырған.

Бірақ қызмет бағасының өсуін ғана қарау халықтың нақты жағдайын толық көрсетпейді. Себебі маңызды көрсеткіштердің бірі – азаматтардың сол қызметтерді сатып алу қабілеті.

Numbeo-ның салыстырмалы бағалауында Қазақстандағы таза жалақының сатып алу қабілеті Қырғызстанға қарағанда жоғары көрсетіледі. Бұл Қазақстанда барлық тауарлар мен қызметтер арзан дегенді білдірмейді. Негізгі айырмашылықтардың бірі – табыс деңгейінде.

Қырғызстанның ресми дерегіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–маусымында орташа айлық номиналды жалақы 53 759 сом болды. Оның жылдық өсімі 27,5%-ды құраған. 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер