Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 9,5%-ға өскен.
Депутаттардың пікірінше, мемлекеттік қолдау негізінен ірі сауда желілеріне бағытталса, оның әсері ауылдар мен шағын қалаларда тұратын халыққа толық жетпеуі мүмкін. Партияның депутаттық сауалында ауылдық жерлерде ірі сауда желілері жоқ болғандықтан, тұрғындарды негізінен «үй жанындағы» дүкендер қамтамасыз ететіні айтылған.
Шағын дүкендерге жеңілдетілген қаржы ұсынылды
«Respublica» өкілдері шағын азық-түлік дүкендерінің негізгі проблемаларының бірі – айналым қаражатының тапшылығы екенін атап өтті.
Депутаттардың мәліметінше, ауылдарда дүкен иелері кейде азық-түлікті тұрғындарға қарызға береді. Сонымен қатар дистрибьюторлар шағын дүкендерден алдын ала төлем талап ететін жағдайлар бар. Осыған байланысты партия дүкендер форматына «жеңілдетілген айналым қаржыландыру» бағдарламаларын таратуды ұсынды. Бұл ретте отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алу шарты енгізілмек.
Сондай-ақ депутаттар шағын дүкендерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме бағамен жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі берілгенге дейін үстеме бағалар бойынша жекелеген айыппұл салуға мораторий енгізуді ұсынды.
Салық мөлшерлемесін төмендету ұсынылды
Депутаттар шағын азық-түлік саудасы субъектілері үшін жаңа бірыңғай арнайы салық режимі аясында мөлшерлемені бүкіл ел бойынша 2%-дан асырмауды ұсынды.
Сонымен бірге партия өкілдері азық-түлік сататын «үй жанындағы» дүкендердегі эквайринг комиссиясын төмендету мәселесін Ұлттық банкпен бірлесіп қарауды ұсынды.
Ұсыныс бойынша әлеуметтік маңызы бар және негізгі азық-түлік тауарларын сатқан кезде эквайрингтің шекті мөлшері 0,5%-дан аспауы керек.
Депутаттардың пікірінше, бұл шаралар шағын дүкендердің шығындарын азайтып, олардың жұмысын тұрақтандыруға және азық-түлік бағасын ұстап тұруға ықпал етуі мүмкін.
«Respublica» фракциясы аталған ұсыныстарды Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдардың қарауына жолдады.