weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қымбатшылық тоқтамайды: теңге мен бағаға қатысты алаңдатарлық болжам

АКРА жасаған макроэкономикалық болжамға сәйкес, Қазақстанда инфляция белгіленген мақсатты деңгейге 2027–2028 жылдардан ерте түспейді. Бұл жаңа ірі экономикалық күйзелістер болмаған жағдайда ғана мүмкін.

Қымбатшылық тоқтамайды: теңге мен бағаға қатысты алаңдатарлық болжам
Фото: gov.kz

Агенттік бағалауынша, 2025 жылдың қорытындысында тұтыну бағалары индексі 11,8% болады. Осылайша, жылдық орташа инфляция 11,3% деңгейінде қалыптасады.

АКРА есебінде көрсетілгендей, реттеуші белгілеген 5% инфляциялық мақсат жыл соңында 6 пайыздық тармақтан астамға артық орындалады. Сарапшылардың пікірінше, экономика бұл көрсеткішке тек 2027–2028 жылдары ғана жақындай алады.

Сонымен қатар агенттік Қазақстан Ұлттық банкі тарапынан валюталық интервенциялар жиі жүргізіледі деп күтпейді. Себебі қолданыстағы валюта режимінен ауытқуға негіз жоқ.

2025 жылдың қараша айының соңындағы дерекке сәйкес, алтын-валюта резервтері 60,4 млрд долларды немесе ЖІӨ-нің 20%-ын құрады. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Резервтердің өсуіне алтын бағасының қымбаттауы айтарлықтай әсер еткен, өйткені алтын ЗВР құрылымындағы негізгі актив саналады.

АКРА болжамы бойынша, сыртқы валюталық күйзелістер болмаған жағдайда, реттеуші айырбас бағамын қалыптастыруға барынша аз араласуды жалғастырады. Дегенмен Қазақстан мен негізгі сауда серіктестері арасындағы инфляция айырмашылығына байланысты теңгенің нақты тиімді бағамына қысым сақталады.

Осыған байланысты:

  • 2025 жылы доллар бағамы 526 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін;
  • 2026 жылы — 555 теңге;
  • 2027 жылы — 574 теңге;
  • 2028 жылы — 594 теңге деңгейінде болжанып отыр.

Ал экономикалық өсім 2026–2028 жылдары жылына 5,3–5,9% шамасында болады деп күтіледі. Өсімнің негізгі драйверлері ретінде:

  • тау-кен секторы,
  • өңдеу өнеркәсібі,
  • құрылыс,
  • қызмет көрсету саласы,
  • агроөнеркәсіп кешені аталып отыр.

Алайда экспортталатын шикізат нарығындағы әлсіз ахуал экономиканың өсуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Ақша-несие саясаты алдағы жылдары салыстырмалы түрде қатаң болып қала береді, ал инфляция біртіндеп баяулайды. АКРА дерегінше, 2028 жылға қарай монетарлық жағдайлар бейтарап деңгейге жақындайды. Осы себепті компаниялар үшін негізгі инвестициялық көздер ретінде тікелей шетелдік инвестициялар мен меншікті қаражаттар сақталады.

Экспорт көлемі 2026–2028 жылдары 86–95 млрд доллар аралығында болжанса, импорт 2028 жылға қарай 89 млрд долларға дейін өседі. Ағымдағы шот сальдосы осы кезеңде теріс аймақта қалып, –4,5% пен –5,7%аралығында болады.

Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2025 жылы 3,7 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрайды деп күтілуде. 2026 жылы ҚҚС түсімдерінің артуы есебінен жағдай біршама тұрақталады. Ал 2027 жылдан бастап тапшылық қайта өсіп, болжам кезеңінің соңында 3,1% ЖІӨ деңгейіне жетуі мүмкін.

Мемлекеттік қарыз көлемі айтарлықтай ұлғаймайды. АКРА бағалауынша, 2026–2028 жылдары ол ЖІӨ-нің 24–29%-ы шамасында болады.

Сарапшылар үш негізгі тәуекелді атап өтті:

  • сыртқы экономикалық ахуалдың нашарлауы және экспорт логистикасындағы шектеулер;
  • бюджет тәртібінің әлсіреуі;
  • Ресей рублінің құнсыздануы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев екі таңбалы инфляцияға жол беруге болмайтынын айтып, оның халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды жоққа шығаратынын мәлімдеген еді. Осыған байланысты Президент бюджет тәртібін күшейту қажеттігін атап өтті.

Ал Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін төмендетуге мүмкіндік жоқ екенін айтты.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→