Алматы қаласында білім беру нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде қалада жалпы саны 1 930 оқушыға есептелген бес мектептің және 800 орындық үш балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Алғабас шағын ауданында колледж бен екі Оқушылардың шығармашылық орталығы бой көтеруде.
Сонымен қатар №16, №112 және №170 мектептердің аумағында қосымша оқу корпустары салынуда. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін аталған білім беру ұйымдарында тағы 900 оқушыға арналған орын ашылады. Сондай-ақ 10 мектеп пен екі балабақшада реконструкциялау және сейсмикалық күшейту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері Алматыда жеті білім беру нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында Зерделі ықшамауданындағы 550 орындық мектеп, Шұғыладағы мектеп-интернат, Құрамыс, Жас-Қанат және Қалқаман ықшамаудандарында салынған үш балабақша, №10 бөбекжай-балабақшасы және Саялы шағын ауданындағы Оқушылардың шығармашылық орталығы бар.
Қала билігінің жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін тағы 15 нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде екі жаңа мектеп, үш мектепке салынған жапсаржай, тоғыз мектепті жаңғырту және Тілендиев көшесіндегі жаңа балабақша құрылысы қарастырылған.
Қазіргі уақытта тағы 14 білім беру нысанының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау көзделген.
Сонымен бірге №87 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу және №112 мектепті қайта жаңарту жобалары мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қалада білім беру саласына қатысты тағы 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жаңа шығармашылық орталықтары, балабақшалар, сондай-ақ Физика-математика мектебін реконструкциялау жобасы бар.
Алдағы кезеңде тағы 20 білім беру нысанының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалады. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін олардың құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, мектептерді жаңғырту бағдарламасы аясында 2027 жылдың соңына дейін Алматыдағы 31 мектеп толық жаңартылады. Қазір алты нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, екі жоба бойынша мердігерді анықтау рәсімі жалғасуда, ал тағы 14 мектепке қажетті жобалық құжаттар әзірленіп жатыр.