Желіде тараған видеода той қонағы музыканы «харам» деп атап, әншілерге қатысты ауыр пікір білдіреді. Сонымен қатар ол ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы керектігін айтып, әйелдерге қатысты да қоғамның наразылығын туғызған мәлімдемелер жасаған. Осыдан кейін видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қолданушылар арасында қызу пікірталас өрбіді.
Оқиғаға алғашқылардың бірі болып Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин пікір білдірді. Оның айтуынша, видеода айтылған ойлар Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарына және ұлттық дүниетанымына сәйкес келмейді.
«Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою қоғамды бөлетін көзқарас екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанның даму бағыты ғылымды, білімді, өнер мен мәдениетті қолдауға негізделген.
«Өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді», – деді ол.
Ерлан Қарин көпшілік алдында адамдарды алалау, әйелдерді кемсіту немесе өз пікірін өзгелерге күштеп таңу қоғамдық әдепке жатпайтынын айтып, мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет екенін жеткізді.
Көп ұзамай бұл мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми мәлімдеме жариялады. Басқарма әлеуметтік желіде кең тараған пікірді исламның ресми ұстанымы ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті.
ҚМДБ-ның мәліметінше, ислам адамдарды дөрекі сөзбен айыптауға емес, көркем мінез бен парасатқа үндейді. Сондықтан өнер адамдарына жалпылама ауыр айып тағу немесе әйелдерді кемсітетін сөздер айту дін қағидаларына қайшы.
«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Сонымен бірге діни басқарма музыка мәселесіне қатысты ислам ғалымдарының ұстанымын да еске салды. Мәлімдемеде адамның азғындыққа немесе шариғат тыйым салған әрекеттерге жетелейтін әндер құпталмайтыны айтылғанымен, ұлттық құндылықтарды, Отанды, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін шығармаларға рұқсат берілетіні көрсетілген.
ҚМДБ азаматтарды діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті мамандардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты сақтауға шақырды.
Бұл оқиға Қазақстан қоғамында зайырлылық қағидаты, сөз мәдениеті және дін атынан пікір білдіру жауапкершілігі төңірегіндегі талқылауды қайта күшейтті. Бір жағынан, әр азаматтың діни сеніміне құрмет көрсетілсе, екінші жағынан мемлекеттік ұстаным мен ресми діни институттың мәлімдемелері қоғамдағы пікірталастардың Конституция, заң және өзара құрмет қағидаттары аясында өрбуі маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.