weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Павлодардағы колонияда сотталған адам бастықтың кабинетінде тұрып келген

Павлодардың қылмыстық-атқару жүйесіндегі даудың жаңа жайттары белгілі болды.
Жыл басында әшкере болған оқиғаға қатысты сотта: бір колониядағы сотталған азамат екі жыл бойы бөлім бастығының кабинетінде тұрғаны, интернет пайдаланып, моншаға еркін барғаны, тіпті қызметкерлер асханасында қонақ қабылдағаны анықталды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Павлодардағы колонияда сотталған адам бастықтың кабинетінде тұрып келген

Жарты миллион теңге бопсалауға қатысты іс

Сотта бұл деректер облыстық ДУИС-тің бұрынғы жоғары шенді офицері — подполковникке қатысты іс қаралып жатқанда белгілі болды. Ол сотталғаннан 500 мың теңге көлемінде пара бопсалады деп айыпталған.

Тергеу мәліметінше, екі жыл бұрын 35 жастағы подполковник бір сотталғанның тәртіпті өрескел бұзғанын біліп, оны қатаң режимдегі басқа колонияға ауыстырамын деп қоқан-лоқы көрсеткен.

«Сот кабинеті» деректеріне сүйенсек, қызметкер этаптау туралы жалған құжат әзірлеп, оны «күшін жою» үшін ақша талап еткен. Бірақ сотта оның бұлай жасауға құқығы болмағаны анықталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, былтыр шілдеде подполковник дүкеннен өзіне және жұбайына 165 мың теңгеге киім мен парфюм алып, оны WhatsApp арқылы видеоқоңырау шалып, сотталғанға төлеткен.
Күзде ол тағы 500 мың теңге сұраған — «басшылықтың туған күніне сыйлық» деген желеумен.

Ақшаны өзінің туысының нөміріне жіберуді талап етіп, «барлық сома түскенде, үйдің кіреберісіндегі орындық астына пакетке салып қалдырыңдар» деп тапсырған.
Сотталған Б. биыл қаңтарда шағым түсіргеннен кейін қызметкер бірден ұсталды.

Кабинетте тұрып, моншаға барып, басқа сотталғандарды қонаққа шақырып жүрген

Сотта сотталған Б. 2022–2024 жылдары мекеме басшылығының рұқсатымен №45 мекеменің жедел бөлім бастығының кабинетінде тұрғанын айтты.

Оның айтуынша, ол бос уақытында спортзалға барып, моншаға еркін кірген, қажет кезде басқа сотталғандарды қонаққа шақырып, әкімшілік ғимараттағы асханада дастархан жайған.
2024 жылдың ақпанынан шілдесіне дейін ол А. қызметкеріне 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша беріп отырған — «комиссияның шығыны» мен «бастықтың қажетіне» деп түсіндірілген.

Сотталғанның жұбайы да кабинеттен түсірілген фото мен видеоларды күйеуінің өзі жіберіп отырғанын айтты.
Кабинетте «тері кресло, үстел, шкаф, айна, екі төсек және стационарлық телефон болған». Ал мекеме бастығының кабинеті небары 5–10 метр жерде орналасқан.

Колония қызметкерлері де сотта Б.-ның ерекше жағдайда тұрғанын растаған: олар басшылыққа неге ол отрядта емес деп бірнеше мәрте сұраған, бірақ қандай да бір шара қолданылмаған.

Сот үкімі

Сот ДУИС офицері А.-ны пара бопсалау арқылы алу бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды, подполковник шені алынды, ал сотталған Б.-ның ақшасына алынған киім мен парфюм тәркіленді.

Сот Павлодар облыстық ДУИС басшылығына жеке қаулы шығарып, қызметкерлердің жауапкершілігін қарауды тапсырды:

«№45 мекеме басшылығынан бастап отряд жетекшілеріне дейін — барлық қызметкер сотталған Б.-ның отрядта тұрмағанын біліп, режимді бұзған», — делінген құжатта.

Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ДУИС-тағы дау

Осыған дейін Павлодардағы УИС мекемелерінің бірінің басшысы қызметінен босатылғаны, бірнеше қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Даулы жағдайдан кейін №45 мекеменің басшылығы толық ауысқан.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→