Жиында биыл атқарылған жұмыстардың нәтижелері тыңдалып, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасады.
Экология министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы ақбөкендер саны қазір 4 миллионға жеткен. 2026 жылғы төлдеу кезеңінен кейін бұл көрсеткіш шамамен 5 миллионға дейін өседі деп болжанып отыр. Мұндай қарқыны жоғары өсім ауыл шаруашылығына келетін зиянның алдын алу және экожүйе теңгерімін сақтау үшін популяцияны тұрақты басқару шараларын күшейтуді қажет етеді. Осы мақсатта Зоология институтының ғылыми негіздемесіне сүйене отырып, уәкілетті органдар жүйелі жұмыстар жүргізген.
1 шілдеден 30 қарашаға дейін шамамен 196 мың бас ақбөкен іріктеліп алынған. Түсіру жұмыстары ғылыми ұсыныстарға толық сәйкес жүргізілген, ал алынған ет отандық ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған.
Дериваттарды есепке алу және сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ақбөкен мүйіздерінің барлығы тіркеліп, таңбаланған және ҚР Экология министрлігіне қарасты РГКП «ПО «Охотзоопром» қоймаларында күшейтілген қорғау жағдайында сақталып отыр.
Жиында дериваттарды цифрлық таңбалау және халықаралық реттеу мәселелері де қаралды. «Қазахтелеком» АҚ-ымен бірлесіп, мүйіздерді цифрлық маркировкалау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жүйе дериваттардың толық қадағалануы мен заңды айналымын қамтамасыз етеді. Жоба CITES халықаралық конференциясында қолдау тауып, Қазақстан дериваттарының экспорттық шектеулерін кезең-кезеңімен жеңілдетудің негізі ретінде қарастырылуда.
Жиын қорытындысында Роман Скляр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға 2026 жылы ақбөкен санын тұрақты басқаруға дайындықты қамтамасыз етуді, сондай-ақ CITES шешімдерін ескере отырып, дериваттарды таңбалау және айналымына қатысты нормативтік-құқықтық базаны толық қалыптастыруды тапсырды.