Оқиға Астана–Алматы бағытындағы рейс жерге қонып, трапты күтіп тұрған сәтте болған. Жолаушы әйел экипаждың нұсқауынсыз апатты шығу есігін ашып, нәтижесінде үрлемелі эвакуациялық трап іске қосылған.
Сот дерегінше, апатты трап тек төтенше жағдайларда қолданылады. Оны өздігінен іске қосу әуе компаниясына 22 995 936 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген — трап толық ауыстыруды қажет еткен.
Сот тараптарға татуласу мүмкіндігін ұсынып, келісімге келуге уақыт берген. Нәтижесінде екі жақ бітімге келген: жолаушы 2025 жылдың 20 қарашасына дейін 6 698 426 теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал Air Astana бастапқы толық соманы өндіріп алу туралы талаптан бас тартты.
Сот медиациялық келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты.