Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, депрессия диагнозы қойылған адамға еңбекке жарамсыздық парағын (больничный) беру мүмкін, бірақ бәрі жағдайдың ауырлығына байланысты.
«Егер дәрігер пациенттің жағдайы уақытша еңбекке қабілеттілігін шектейді деп есептесе, жеңіл дәрежедегі депрессия кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылуы мүмкін», – делінген министрліктің баспасөз қызметі берген хабарламада.
Яғни, мұндай жағдайда адам ресми түрде жұмыстан демалыс алып, өз денсаулығына көңіл бөле алады. Бірақ бұл шешімді тек психиатр дәрігер ғана қабылдайды.
Орташа және ауыр түріндегі депрессия кезінде науқасқа стационарлық ем, яғни ауруханада жатып ем алу қажет болады.
ПСИХОЛОГ ПІКІРІ
Психолог Әйгерім Сейдазымның айтуынша, қоғамда депрессияға жеңіл қарау — жиі кездесетін қате көзқарас. Көп адам оны жай «көңілсіздік» деп ойлап, ем қабылдамай жүре береді.

«Депрессия – бұл жай ғана күйзеліс емес, адамның психикалық және физикалық жағдайына әсер ететін ауру. Мұндай кезде жұмыс жалғастыру – мәселені ушықтыруы мүмкін. Әсіресе ұйқы бұзылып, концентрация төмендеген кезде еңбек өнімділігі күрт азаяды. Сондықтан кей жағдайларда демалыс алу — денсаулықты сақтаудың бір жолы», – дейді маман.
Оның айтуынша, депрессия кезінде өзін кінәлі сезінбеу, көмек сұраудан қорықпау және емделу процесін қалыпты қабылдау өте маңызды.
«Психикалық саулық — жалпы өмір сапасының басты көрсеткіші. Депрессияны ерте анықтап, уақтылы көмек алу адамның әрі кәсіби, әрі жеке өміріне оң әсер етеді», – дейді психолог.
ҚОРЫТЫНДЫ
Демек, егер адамда депрессия белгілері байқалса, міндетті түрде дәрігер-психиатрға немесе психологқа жүгіну қажет. Ал жеңіл түрінде еңбекке жарамсыздық парағын алу заңды және ресми түрде рұқсат етілген.