Қазіргі Қазақстандағы саяси өмір түбегейлі жаңару кезеңін бастан кешіруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Азаматтардың саяси белсенділігі артып, пікір алуандығы мен қоғамдық бақылау мәдениеті қалыптаса бастады. Бұл үрдіс «Әділетті Қазақстан» идеясымен астасып жатыр — яғни әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігі тең, үні естілетін, жауапты қоғам құруға бағытталған жаңа парадигма.
Саяси өмірдің даму динамикасы елдегі әлеуметтік өзгерістермен тікелей байланысты. Соңғы жылдары жастардың саясатқа қызығушылығы, өз көзқарасын ашық білдіруі және шешім қабылдау процесіне араласуы күшейді. Бұл — мемлекеттің демократиялық әлеуетін арттыратын қуатты фактор.
Ардагер саясаттанушы Мәлік Мақсотұлы бұл жөнінде:
«Қазір халық биліктен бұрынғыдай тек уәде емес, нақты нәтиже күтеді. Мемлекеттік аппарат ашық болуға және есеп беруге міндетті екенін түсінді. Бұл – демократиялық сана-сезімнің өскенінің белгісі», – деп бағалады.