Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, егер азаматтың атына бірнеше пәтер тіркелсе, ал өзі тек біреуінде ғана тұрса, қалғандары жалға беріліп отыр деп саналады.
«Мысалы, жеке тұлғаның атына 10 пәтер тіркелген, бірақ өзі тек бірінде тұрады. Бұл жағдайда қалған тоғыз пәтердің жалға беріліп отырғаны анық. Біз мұны учаскелік полиция және тұрғын үй иелері кооперативтерімен бірге бақылап отырамыз», — деді вице-министр.
Біржанов пәтер иелерінің банк арқылы тұрақты түрде ақша алып отырғанын да салық органдары көріп отыратынын айтты. Мұндай жағдайда салықтан жалтару фактісі анықталса, тексеріс жүргізіледі.
Вице-министрдің сөзінше, бұл шара тек салық жинауға емес, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені тіркеусіз жалдамалы пәтерлерде күмәнді адамдар тұруы мүмкін.
Сонымен қатар, ол пәтерін жалға беріп жүргендерге заңды түрде жұмыс істеуді жеңілдететін арнайы салық режимдері бар екенін еске салды.
«Қазір тіпті тіркелмей-ақ, жылына бір рет декларация тапсыру арқылы заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік бар», — деді Ержан Біржанов.