Оның айтуынша, соңғы уақытта экономикадағы ақша массасы 18 пайызға артқан. Бұл құбылыс экономикалық “қызып кетуге” және инфляцияның күшеюіне алып келген.
«Инфляцияның басты себептерінің бірі — экономикада шамадан тыс көп ақшаның болуы», — деді ол.
Сүлейменовтың сөзінше, мұндай жағдайға мемлекеттік шығындардың ұлғаюы мен тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуі себеп болған.
«Екі негізгі фактор бар. Біріншісі — ауқымды фискалдық құйылымдар. Екіншісі — тұтынушылық несиелеу. Экономикада ақша көп. Ал отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің өндірісі бұл қарқынға ілесе алмай жатыр», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, бұл теңгерімсіздік бағаның өсуіне және импорттың артуына әсер еткен. Ал импорттың көбеюі өз кезегінде долларға сұранысты арттырып, теңге бағамына қысым түсіріп отыр.
Сүлейменов мәселені шешу үшін үкімет салық және бюджеттік саясатты қайта қарастырып, артық шығындарды қысқартуға кіріскенін айтты.
«Тұтынушылық несиелеуді белгілі бір деңгейде реттеу қажет. Бағаны көтеретін шамадан тыс сұраныс болмауға тиіс. Керісінше, біз ақша массасын шектеуді жоспарлап отырмыз», — деді ол.