Қызылордалық 18 жастағы Нұрасыл Әнуар 27 қыркүйекте өз еркімен әскер қатарына алынған. Бір аптадан соң, 5 қазан күні таңғы сағат 7:40-та туыстарына оның қаза болғаны туралы хабар жеткен. Дәрігерлер жедел жәрдемнің таңғы 4:47-де шақырылғанын, алайда сарбаздың өмірін сақтап қала алмағанын мәлімдеген.
Ресми дерекке сәйкес, өлімге менингококцемия диагнозы себеп болған — яғни менингококк бактериясы ағзаға тарап, сепсис тудырған. Бірақ марқұмның жақындары бұл нұсқаға сенбейді.
«Егер расында ауру болса, медициналық комиссия анықтап, әскерге өткізбес еді. Оның үстіне мұндай инфекцияның белгілері бір тәуліктің ішінде байқалуы керек. Ал Нұрасыл 4 қазан кешке әпке-ағаларымен сөйлескенде өзін жақсы сезінген. Тек “мына жер адам төзбейтін жер екен” деп бірнеше рет қайталап айтты. Армияны мүлде басқаша елестеткен сияқты», – дейді әпкесі Динара Orda.kz порталына берген сұхбатында.
Туыстарының сөзінше, Нұрасыл – әулеттің кенжесі, өмірге құштар, әділдікті сүйген, мейірімді жас болған.
«Ол Отан алдындағы борышымды өтеймін деп мақтанышпен кеткен еді. Бірақ бейбіт заманда әскер жастардың өмірін жалмайтын жерге айналмауы керек қой. Бұл – орны толмас қаза», – дейді отбасы мүшелері.
Нұрасылдың жақындары президент Тоқаевтан істі жеке бақылауға алуды және тергеудің әділ өтуін сұрады.
«Біз мемлекетке сендік, баламыз қауіпсіз ортада болады деп ойладық. Енді сол сенім ақталуы үшін бұл іс жабулы қазан күйінде қалмасын. Басқа отбасылар мұндай қайғы көрмесін», – делінген олардың үндеуінде.
Қазір Шекара қызметі әскери бөлім ішінде қызметтік тексеріс бастаған. Сонымен қатар, полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сарбаздың денесі толық сараптамадан кейін Қызылордаға жеткізіліп, туған жерінде жерленбек.