Wabtec – әлемдік теміржол саласына арналған локомотив бөлшектері мен қызмет көрсетудің жетекші жеткізушісі. Компания 2009 жылдан бері Астанадағы локомотив құрастыру зауытында жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 230 млн доллардан астам инвестиция құйып, 600-ден астам локомотивті “Қазақстан темір жолына” және экспортқа шығарған. Қазіргі таңда өндірістің 45%-ы жергілікті деңгейде жүзеге асады.
АҚШ сауда министрі Говард Латник қол қою рәсімінде екі елдің сауда-экономикалық, индустриалдық және көлік-инвестициялық жобалардағы серіктестігін одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
Келісімге байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдірді. Ол өзінің Truth әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевпен «тамаша телефон арқылы сөйлескенін» жазып, Қазақстанды тарихи ауқымдағы теміржол жабдықтарына қол жеткізгенімен құттықтады:
«Мен Қазақстан Республикасының аса құрметті Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен тамаша телефон әңгімесін өткіздім. Олар тарихтағы ең ірі – 4 млрд долларлық теміржол жабдықтарын сатып алуға қол қойды. Біз жылдар бойы жалған экоактивистер сынап келген америкалық теміржол өнеркәсібін қолдауымыз керек. Президент Тоқаевты осы бірегей келісіммен құттықтаймын. Бұл ел де, бүкіл әлем де сенімді әрі әсем темір жолдар арқылы дамыды. Ал қазір олар жаңа серпінмен қайта оралуда!» – деп жазды Трамп.
Ал Ақорда бұл әңгіме туралы әлдеқайда ұстамды хабарлады. Президенттің баспасөз қызметі тек «екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегі», «экономика мен саудадағы өзара әрекеттестікті кеңейтудің маңызы» және «халықаралық жағдайға қатысты өзекті мәселелер» талқыланғанын атап өтті.
Қазақстандағы америкалық бизнес белсенділігі артып келе жатқаны байқалады. PepsiCo Алматы облысында жаңа зауыт салып жатыр, Amazon спутниктік Kuiper жүйесін іске қосуда, Chevron Теңіз кен орнында инвестицияларын ұлғайтуда, ал Meta елімізде жасанды интеллектіні дамытуға қолдау көрсетуде.