weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Тоқаев Қазақстанның стратегиялық дамуы жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті. Оның қатарына мемлекеттік органдардың өкілдері, Құрылтай депутаттары, бизнес саласының басшылары, ғалымдар мен сарапшылар енді. Топқа Қазақстанның вице-президенті Ерлан Карин жетекшілік етеді.

Тоқаев Қазақстанның стратегиялық дамуы жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті
Фото: aqorda

Қазақстанда Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобы құрылды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Жаңа құрылым еліміздің ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша сараптамалық ұсыныстар әзірлейтін консультативтік-кеңесші орган болады. Оның негізгі мақсаты – стратегиялық тәсілдерді қалыптастыру, ел дамуының басымдықтарын айқындау және тиісті бастамаларды сараптамалық тұрғыдан пысықтау.

Сарапшылар тобының жетекшісі болып Қазақстанның вице-президенті Ерлан Карин тағайындалды. Оның орынбасарлары ретінде Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева және Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Асет Ирғалиев белгіленді.

Топ хатшысы қызметін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов атқарады. Аталған институт сарапшылар тобының жұмыс органы болады.

Сарапшылар құрамына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Закиева, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Дархан Ахмедиев, Карлыгаш Джаманкулова, Бурихан Нурмухамедов, Айдос Сарым және Марат Шибутов кірді.

Сонымен қатар топ жұмысына бизнес өкілдері, ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары мен сарапшылар қатысады. Олардың қатарында «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектуров, Higgsfield AI компаниясының негізін қалаушылардың бірі Ерзат Дулат, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі Ernst & Young басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков және бірқатар зерттеу орталықтарының өкілдері бар.

Сарапшылар тобының негізгі міндеттері – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді айқындау және сараптамалық тұрғыдан зерделеу. Сондай-ақ аналитикалық, әлеуметтанушылық және форсайт-зерттеулердің нәтижелері талқыланады.

Топ отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі, алайда айына кемінде бір рет жиналуы тиіс. Талқылауларға негізгі құрамға кірмейтін мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері де шақырылуы мүмкін.

Осылайша, жаңа сараптамалық алаң еліміздің стратегиялық басымдықтарын айқындауға және Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге түрлі сала мамандарын біріктіреді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер