Ресейлік журналист Ксения Собчак Мәжілісте болған бір жағдайға назар аударды. Депутат Ардақ Назаров Парламент отырысында сауал жолдамас бұрын анасын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, әріптестері қол шапалақтап қолдау көрсетті.
Алайда желі қолданушылары мұндай қадамның орынды-орынсыздығын талқылап кетті.
Собчак бұл мәселені Ресей Мемлекеттік думасы депутаттарымен талқылауды жөн көрді.
Олардың пікірінше, қазақстандық депутаттың әрекеті екіұшты бағалануы мүмкін. Мәселен, депутат Ярослав Нилов мұны «ұлдық сезімнің көрінісі» деп түсіндіргенімен, регламентке қайшы екенін айтты. Өйткені құттықтаулар тек әріптестер мен қоғам қайраткерлеріне арналуы тиіс. Ал Андрей Свинцов болса, егер ол жұмысқа кедергі келтірмесе, мұндай қадамға болатынын жеткізді.
Айта кетейік, Ксения Собчак Қазақстан жаңалықтарына жиі назар аударады, әсіресе парламент жұмысын сөз етеді. Бұған дейін ол Астанаға келіп, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан болатын.