Депутаттың айтуынша, мұндай шаралар жастардың заңсыз жолмен ақша табуға, соның ішінде есірткі қылмыстарына және банк шоттарын үшінші тұлғаларға беруге тартылу қаупін азайтуға бағытталуы мүмкін.
«Мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру маңызды. Сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сәйкес күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру қажет», – деді депутат.
Дилдабек әлеуметтік осал жастарды анықтау үшін «Цифрлық отбасы картасын» пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ студенттерге заңсыз қаржы операциялары мен есірткі қылмыстарының қаупі туралы оқу жылының алғашқы 15 күнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, депутат 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл жастардың банк шоттары мен карталарын заңсыз операцияларға пайдаланудың алдын алуға көмектеседі.
Депутаттың мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында аяқталған дропперлік істер бойынша 214 адам күдікті ретінде өткен. Олардың 159-ы – 18-29 жас аралығындағы азаматтар.