Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тауда жарақат алып, өздігінен түсе алмаған екі туристі эвакуациялады.
Алғашқы оқиға «Проходное» шатқалында болды: 1975 жылы туған әйел төмен түсіп келе жатып аяғын жарақаттаған. Құтқарушылар оны Космостанция маңына жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды.
Екінші жағдай Ақбұлақ маңында, Көк-Жайлау жазығына баратын жолда тіркелді. Жас қыз да жарақат алып, оған алғашқы көмек көрсетілді және таудан түсірілді.
Туристердің біреуі №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін Тянь-Шань шыңына шығып, жарақат алып таудан түсе алмай қалған ресейлік альпинист туралы жазғанбыз. Ол екі аптадай көмек күтіп, ақыры сонда көз жұмған. Оның денесі әлі күнге дейін жерге түсірілмеді.