Анасының айтуынша, бір жасөспірім оның ұлын көтеріп, лақтырып жібергеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Оқиға болған сәтте анасы оның қасында болған. Алайда, арбадағы 11 айлық қызына қарап тұрған.
Бүлдіршін дереу жедел жәрдеммен №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, баланың сол жақ бұғанасы (ключица) сынған. Жағдайы – орташа ауырлықта. Жарақат алғаннан кейін рентген жасалып, қолы таңылып, үйіне жіберілген. Қосымша тексерулер — МРТ, УЗИ және қан талдауы — тек сүйегі біткеннен кейін ғана жасалатыны айтылған.
Зарина Сапардың айтуынша, оқиғадан кейін оның баласы қатты психологиялық соққы алған:
«Балам түнде қорқып жылайды. Бұрын сөйлеп жүрген балам қазір мүлде сөйлемей қалды. Психикалық стресс алды. Біз қазір екі баламен аурухана жағалап жүрміз. Күйеуім баламыз үшін жұмысқа да шыға алмай қалды. Үйде екі кішкентай балам бар: біреуі 2 жаста, екіншісі – 11 айлық қыз», – дейді анасы.
2 жасар Ханкелдіні құлатқан жасөспірім олардың ауласында тұрмайтын көрінеді. Оның ата-анасы да Заринамен байланысқа шықпай қойған:
«Баламды құлатқан жасөспірімнің ата-анасы басында көмектесем дегендей болды, қазір тіпті қара тізімге салып тастапты. Оның ауру екенін немесе ауру екенін растайтын құжаттарды өз көзіммен көрген жоқпын, тек арызды қабылдаған полиция қызметкері айтқан», – дейді ол.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми хабарламасына сәйкес, оқиға бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімді тәрбиелеу бойынша міндетін тиісінше орындамағаны үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылды.
Нақты қандай жауапкершілікке тартылғаны туралы жауапты өкілдерге хабарласып, біле алмай отырмыз. Сондай-ақ, қала әкімдігі мен бала құқығын қорғау омбудсмені және денсаулық сақтау министрлігі де аталған оқиға бойынша жіберген сауалдарымызға жауап бермей отыр.
Оқиғаның мән-жайынан хабардар болу үшін сайтымызды бақылап отырыңыз.