Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Аутизмі бар жасөспірім 2 жасар баланы лақтырып жіберген

Алматыда аулада ойнап жүрген 2 жасар баланы 13 жастағы жасөспірім көтеріп, лақтырып жіберген оқиға қоғам назарын аударды. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, бейнебақылау камерасына түскен видеосын таратты.

Аутизмі бар жасөспірім 2 жасар баланы лақтырып жіберген
Фото: Зарина Сапардың инстаграм парақшасынан

Анасы Зарина Сапардың айтуынша, оқиға 23 тамыз күні кешкі сағат 20:15 шамасында болған. Оның сөзінше, ауладағы балалардың арасында жүрген 13 жасар жасөспірім кішкентай баланы көтеріп, жоғарыға лақтырып жіберіп, өзі қашып кеткен.

Зардап шеккен бала дереу жедел жәрдеммен №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Анасының айтуынша, дәрігерлер тек рентгенге түсіріп, қолын таңып берген. «Толық тексеру жасауды сұрасам, басына зақым түспегенін айтып, жіберіп қойды», – деп жазды ол.

Жәбірленушінің анасы полицияға да шағымданған. Бірақ ол тәртіп сақшыларының әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізген.

«Бір-біріне сілтеп, нақты жауап бермеді. Ақыры арыз қабылданбайды, себебі 13 жасар балаға сот ісі жүрмейді деді», – дейді әйел.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді.

«Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімді тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылды», – делінген ресми хабарламада.

Бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желі арқылы әділдік іздеп, қоғамнан қолдау сұрап отыр. Айтуынша, әр баланың құқығы тең қорғалуы тиіс, ерекше бала болсын, сау бала болсын – ешкімнің өміріне қауіп төнбеуі керек.

Басқа да ресми органдарға newsroom.kz редакциясы сауал жолдады. Істің анық-қанығынан хабардар болу үшін сайтты бақылап отырыңыз.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату