Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Кредит алу қиындайды: Қандай қазақстандықтар «тәуекелі жоғары» деп танылады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) екінші деңгейлі банктерге арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау ережелеріне өзгерістер енгізетін қаулы жариялады. Енді қаржы ұйымдары несие рәсімдеу кезінде талаптарды қатаңдатады.

Кредит алу қиындайды: Қандай қазақстандықтар «тәуекелі жоғары» деп танылады?
Фото: банки.ру

Құжатқа сәйкес, жеке тұлғаға несие рәсімдеу барысында «тәуекелі жоғары қарыз алушы» мәртебесі мына тізімдегі кемі екі шарт орындалғанда беріледі:

▪️ несие тарихы – үш жылдан аз;
▪️ несие және микронесие бойынша берешек 30 күн ішінде үш АЕК-тен (2025 жылы – 11,8 мың теңге) асқан болса;
▪️ үш және одан көп қаржы ұйымында өтелмеген несиесі немесе микрокредиті бар болса;
▪️ ай сайынғы тұрақты табысының 45%-дан астамы қарыз төлеуге жұмсалса;
▪️ расталған тұрақты табысы болмаса;
▪️ қарыз алушыға қатысты «теріс ақпарат» болса (нақты қандай екені көрсетілмеген).

Несие берер алдында банк қарыз алушының төлем қабілетсіздік ықтималдығын тексереді. Егер жаңа несие берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 5%-дан артып, бастапқы деңгейімен қоса есептегенде 10%-дан асса, банк мұндай клиентті тұрақты бақылауда ұстайды.

Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер жеке тұлға-клиенттердің мүддесін қорғайтын ішкі бөлімшелер құруы тиіс болады. Дегенмен бұл талап ҚНРДА-ның өз жұмысын қаржы ұйымдарына жүктеп қоюы мүмкін деген сұрақ туғызуда.

Жаңа ережелер қазақстандықтардың несие алуын қиындатуы ықтимал, әсіресе «қарыз алушының қаржылық жағдайын нашарлатуы мүмкін теріс ақпарат» сияқты нақты анықтамасы жоқ ұғымдарды банктердің өздері қалағанынша түсіндіре алатынын ескерсек.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату