"Орда" редакциясының дерегінше, Серік Қалиев 6 тамызда Заречныйдағы қатаң режимдегі колониядан шықты. Оны бостандықта туған-туыстары қарсы алып, Алматыға алып кетті. Адвокаты Айман Омарованың айтуынша, Қалиев өзін «тозақтан қайтқандай» сезінеді.
«Серік 22 жылда ұлын, немерелерін өсе келе көре алмады. Бірақ азапты да ауыр жолдан өтті. Түрмеде отырып С гепатитін жұқтырып, бірнеше созылмалы ауруға шалдықты. Соны біле тұра, оны босатуға асықпағандар болды», – деді қорғаушысы.
Серік Қалиев – кезінде елдегі және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып, қайырымдылықпен айналысқан белгілі бапкер. Ол Қазақстанға аты мәлім бірнеше чемпионды тәрбиелеген. Бірақ 2004 жылы бәрі өзгерді. Мамырда Алматы полициясы оны қаланың орталығында жарылыс ұйымдастырды деген күдікпен ұстады.
Тергеу мәліметінше, қастандық мақсаты – сол кездегі Бокс федерациясының президенті Асқар Құлыбаев болған. Ол – Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаевтың әкесі. Сол кездегі баспасөз жазуынша, жарылғыш зат видео кассета кейпінде жасырылған. Оны Silk Way Group ғимаратының алдына әкелген 30 жастағы Ақмола облысының тұрғыны Михаил Нартов жарылыстан көз жұмған. Бірақ тергеу оның өлер алдында тапсырыс беруші ретінде Серік Қалиев пен жүргізушісі Андрей Песковтың есімін атағанын алға тартты.
2004 жылдың 21 мамырында Қалиев пен Песковқа бірнеше бап бойынша айып тағылды: кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, қару сақтау және бопсалау. 2005 жылы сот оларды кінәлі деп тауып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Кейінірек жаза үш жылға қысқартылды. Қалиев кінәсін мойындаған жоқ.
Ол жазасының көп бөлігін Степногорск пен Атбасар түрмелерінде өтеді. Тек жуырда ғана оны Алматы облысына ауыстыруға рұқсат берілген. Адвокатының айтуынша, оны түрмеде азаптаған, ал мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініштері он рет қабылданбаған.
«Соттар оны түзелді дегенге дәлел жеткіліксіз деп тапты», – дейді Айман Омарова.