Құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі – азаматтардың құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне деген сенімі. Егер адамдар өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге қорықпаса, әділ шешім шығады деген сенімде болса – бұл қоғамда құқықтың үстемдігі бар екенін білдіреді. Өкінішке қарай, елімізде мұндай сенім деңгейі әлі де толық қалыптаса қойған жоқ. Мұның себептері – кейбір істердің созбалаңға салынуы, сот шешімдерінің әділетсіздігі туралы пікірлер, жемқорлықтың орын алуы сияқты жағдайлар. Мұның бәрі құқықтық мәдениеттің дамуына кері әсерін тигізеді.
Құқықтық мәдениет тек мемлекеттік институттардың ғана емес, азаматтық қоғамның да қатысуымен қалыптасады. Үкіметтік емес ұйымдар, адвокаттар, медиаторлар, құқық қорғаушылар мен журналистер халыққа құқықтық кеңес беріп, заң талаптарын түсіндіруде, құқық бұзушылық фактілерін жария етуде белсенді рөл атқара алады. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының да жауапкершілігі жоғары. Олар қоғамда заңды сақтау, құқықты құрметтеу құндылықтарын кеңінен насихаттап, құқықтық сауаттылықты арттыруда пәрменді құрал бола алады.
Бүгінде Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама – билік пен қоғам арасындағы ашық диалогқа, әрбір азаматтың құқықтық мүддесінің ескерілуіне негізделген. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың құқықтық мәдениеті неғұрлым жоғары болса, мемлекет соғұрлым тиімді және әділ қызмет атқара алады.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыс пен қоғамның барлық саласының белсенді қатысуын талап ететін процесс. Заң үстемдігін орнату үшін заңдар әділ әрі түсінікті болуы керек, ал оларды орындайтын азаматтар құқықтық санасы жоғары, белсенді әрі өз құқығын қорғай алатын тұлғаларға айналуы тиіс.
Қорытындылай келе, Қазақстанның болашағы – құқықтық мәдениеті жоғары, заңға бағынатын қоғам құруда. Бұл бағыттағы әрбір қадам – елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Әрбір азамат өз құқығы мен міндетін жақсы білсе, заңды құрметтесе және құқық бұзушылыққа төзбеушілік танытса – шынайы құқықтық мемлекет қалыптасады. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.