weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Венесуэла президенті өзін кінәсіз екенін айтты: АҚШ-та Мадуроға қатысты сот басталды

Нью-Йорктегі федералды сотта Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты істің алғашқы тыңдауы өтті. Бұған дейін саясаткер мен оның әйелі тергеу изоляторынан сот ғимаратына жақын маңдағы аймаққа жеткізілген.

Венесуэла президенті өзін кінәсіз екенін айтты: АҚШ-та Мадуроға қатысты сот басталды
Фото: әлеуметтік желілерден

Николас Мадуро сот залына кісенсіз әкелінді. Ол тыңдау барысында испан тілінде сөйлеп, аудармашының көмегіне жүгінді. Сотта Мадуро мен Силия Флореске айыптар ресми түрде оқылып берілді. 25 беттен тұратын айыптау қорытындысына сәйкес, оларға заңсыз есірткі мен қару айналымына қатысы бар бірқатар қылмыс, соның ішінде «есірткі терроризміне байланысты астыртын сөз байласу» айыбы тағылып отыр.

Істі 92 жастағы округтік судья Элвин Хеллерстайн қарап жатыр. Ол бұған дейін 11 қыркүйек терактілерінен қаза тапқандардың отбасыларының талап-арыздары, Дональд Трамптың құжаттарды қолдан жасау ісі және продюсер Харви Вайнштейнге қатысты резонансты процестерге қатысқан тәжірибелі судья ретінде белгілі.

Сот отырысында Николас Мадуро өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді:
«Мен кінәсізбін. Мен – адал адаммын. Мен әлі де өз елімнің президентімін», – деді ол.

Силия Флорес те өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Мадуроның қорғаушылары бұл жолы кепілмен босату туралы өтініш түсірген жоқ. Адвокаттардың айтуынша, мұндай өтініш кейінірек берілуі мүмкін. Сонымен қатар, Мадуро мен оның жұбайы заңда көзделген консулдық қызметкермен кездесу құқығын талап етті. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

Тыңдау соңында судья Мадуро мен Флоресті қамауда қалдыру туралы шешім шығарып, келесі сот отырысын 17 наурызға белгіледі. Осылайша, іс бойынша алғашқы сот тыңдауы аяқталды. Sky News мәліметінше, қорғаушылар айыпталушылардың денсаулығына байланысты мәселелер бар екенін айтқан. Атап айтқанда, Силия Флорестің қабырғасы көгергені хабарланды.

Сот ғимаратының сыртында, Нью-Йорк орталығында АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттеріне қарсы наразылық акциясы өтті.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→