Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
31 шілде, 2025 / Перизат Ілес / Медицина

Қазақстан- Орталық Азиядағы мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға төмендеткен алғашқы ел

Қазақстан 2025 жылға дейінгі жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға азайтып, Ғаламдық мониторинг жүйесінің мақсаттарына қол жеткізген ДДСҰ-ның Еуропалық өңіріндегі 9 елдің қатарына кірді. Осылайша Қазақстан аталған жетістікке жеткен Орталық Азиядағы алғашқы ел болды. БҰҰ ресми сайтының мәліметінше, бұл туралы ДДСҰ баяндамасында айтылды,- деп хабарлайды newsroom.kz  порталы aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан- Орталық Азиядағы мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға төмендеткен алғашқы ел

«Жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімнің алдын алу, қауіп факторлары және күрес стратегиялары» баяндамасында Қазақстанның жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісікпен күрес саласындағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда қолданған тәжірибесі мен шаралары қарастырылған. Аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға, емдеуді жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан өңір елдеріне үлгі болып отыр.

"ДДСҰ Қазақстанмен ЖЕА-дан болатын өлімнің негізгі себептерін жою бағытында ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ел инфаркт пен инсультті емдеу бойынша ұлттық орталықтар құруға инвестиция салып, темекі тұтынуға қарсы күрес пен қантты сусындар тұтынуды қысқарту шараларын қабылдады. Бұл шаралар халық денсаулығына оң әсерін беріп жатыр", – деді ДДСҰ Еуропалық бюросының денсаулықты нығайту және алдын алу бөлімінің директоры доктор Гундо Вайлер.

Инсульт пен инфаркттан қорғау

ЖЕА – ДДСҰ Еуропалық өңірінде өлім-жітімнің 90%-ын құрайтын ең басты қауіп. Алайда бұл өлімдердің көпшілігінің алдын дәлелді деректерге негізделген саясат пен нақты шаралар арқылы алуға болады.

"Қазақстан ДДСҰ ұсынған ЖЕА-мен күрес жөніндегі шаралардың 50%-ын толық, ал 36%-ын ішінара іске асырды. Сондай-ақ ел ЖЕА мен олардың қауіп факторларының таралуын бағалауға арналған ДДСҰ-ның алтын стандарты – STEPS зерттеуін алғаш рет өткізді. Бұл – халықаралық деңгейде салыстыруға келетін сапалы деректерге қол жеткізудегі маңызды қадам", – деп қосты доктор Вайлер.

2017-2024 жылдар аралығында Қазақстанда кардиологиялық араласулар жүргізетін катетеризациялық зертханалар саны 31-ден 49-ға дейін артты. Сонымен қатар, елдің түрлі аймақтарында жұмыс істейтін 83 инсульт орталығы инсульттен болатын өлім мен мүгедектікті айтарлықтай азайтуға көмектесті.

Қазақстан жүрек пен өкпені трансплантациялау саласында да Орталық Азияда көшбасшыға айналды. 2012 жылдан бастап жүрек жұмысын қолдайтын 600-ден астам құрылғы сәтті имплантацияланған. Ал 2025 жылы елде 100-ші жүрек трансплантациясы жасалды.

Ерте анықтау және скрининг

Қазақстан ЖЕА-ны ерте анықтауға арналған скрининг бағдарламаларын кеңейтті. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, диабет және бірнеше қатерлі ісік түрлерін қамтитын сегіз ауру бойынша скрининг жүргізіледі.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, сүт безі мен тоқ ішек қатерлі ісігіне скринингпен қамту деңгейі 70%-ға жетті – бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

"Ерте диагностика, уақытылы медициналық көмек және науқастарды қолдау – Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы басты басымдықтары. Бұл халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді", – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтангазиев.

2023 жылы Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылмен салыстырғанда 74,44 жылдан 75,09 жылға өсті. Сонымен қатар, өлім-жітім деңгейі де азайды: 2021 жылғы 1000 адамға шаққандағы 9,6 жағдайдан кейін бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келеді.

Қазақстан жатыр мойны обырына қарсы күресте адам папиллома вирусына (HPV) тестілеуді енгізіп, денсаулық сақтау стандарттарын халықаралық талаптарға сәйкестендіру жолында ілгерілеп келеді.

Қауіп факторларын азайту: темекі мен дұрыс емес тамақтану

Медициналық-профилактикалық шаралардан бөлек, Қазақстан ЖЕА-ның негізгі себептері – темекі шегу, дұрыс емес тамақтану, қантты артық тұтыну сияқты факторларды азайтуға айрықша назар аударуда.

Қазақстан посткеңестік елдер арасында темекіге қарсы ең қатаң саясат жүргізіп отыр. Негізгі шаралар:

• Қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу;

• Темекі қораптарында ескерту суреттерін орналастыру;

• Салықты көтеру;

• Темекі өнімдерін жарнамалауға және сатуға шектеу;

• Электронды темекі мен вейптерге толық тыйым салу.

Осы саясат соңғы онжылдықта шылым шегушілердің санын едәуір азайтты – қазіргі уақытта олардың үлесі шамамен 20 пайыз деп бағаланады.

Сонымен қатар, Қазақстан қантты сусындарды тұтынуды азайту бойынша маңызды қадамдарға барды:

• Мектептерде мұндай сусындарды сатуға тыйым салынды;

• 2024 жылы 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салатын заң қабылданды.

Ынтымақтастық және болашақ жоспарлар

Мемлекет ауқымды жетістіктерге қарамастан, жекелеген бағыттарда әлі де қосымша шараларды қажет етеді.

"Қазіргі таңда Қазақстанда тұз тұтынуды азайту, балаларға бағытталған зиянды тағамдарды жарнамалауға шектеу қою, емшек сүтіне алмастырғыштар мен трансмайларға қатысты стандарттар толық енгізілмеген. Үкімет осы бағыттарды күшейтіп, ЖЕА-мен күрес саясатын жетілдіруді жоспарлап отыр", – деп қорытындылады Сұлтангазиев.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату