«Бедеулік – бұл психологиялық тұрғыдан ауыр, бірақ медициналық тілмен айтқанда — уақытша мәселе. Оны табиғи жолмен де, экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы да шешуге мүмкіндік бар», — дейді репродуктолог.
Экология мен технология – басты қауіп
Салтанат ханым бұл салада 1988 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның байқауынша, 35 жыл ішінде адамның репродуктивті қабілеті айтарлықтай төмендеген.
«1988 жылы ер адамдардың ұрығының сапасы қазіргімен салыстырғанда үш есе жақсы еді. Әйел ұрығы да солай. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемдегі жағдай», – дейді ол.
Экологиялық ахуал, химиялық қосындылар, радиотолқындар, тіпті ұялы телефондардың өзі де адамның репродуктивті денсаулығына әсер етуде.
«Айналамызды көзге көрінбейтін миллиардтаған толқын қоршап тұр. Пластикалық бөтелкедегі су, синтетикалық жиһаз, ауа мен тамақ – бәрі де әсер етеді. Бұл жаңа заманның көрінбейтін қауіптері».
Телефон – бедеулікке себеп болуы мүмкін
Ұялы телефонды қалтада, жыныс ағзаларына жақын ұстау – ерлер бедеулігінің бір себебі болуы мүмкін.
«2008 жылы Израильден келген мамандар бұл туралы арнайы ғылыми баяндама жасаған. Ұялы телефоннан бөлінетін толқындар хромосомалық ауытқуларды көбейтеді. Соның салдарынан ұрық сапасы төмендейді. Бұл – ғылыми дәлелденген факт», – дейді Салтанат Байқошқарова.
Бедеулік – әйелдің ғана емес, еркектің де мәселесі
Қоғамда бедеулік тек әйелге қатысты түсінік қалыптасқан. Алайда, бұл – қате. Репродуктологтың айтуынша, аналық және аталық ұрық тең дәрежеде маңызды.
«Баланың дүниеге келуі — екі жақтың да үлесімен жүзеге асады. Қазір жастардың көпшілігі бұл жағдайды түсінеді, емге бірге келеді. Бірақ әлі де болса, намыстанып, тек әйелін жіберетін еркектер бар».
Бедеуліктің себептері қандай?
Бедеуліктің негізгі себептері:
- Инфекциялар мен қабыну процестері
- Суық тию
- Ерте жыныстық қатынас
- Жыныстық жолмен берілетін аурулар
- Жеңіл жүріс салдары
- Спираль мен аборттан кейінгі асқынулар
«Мәселен, кейде ұрық жолдары толық бітеліп қалған ер адамдар кездеседі. Ал әйелдерде спиральден кейін немесе инфекциядан кейін бедеулік жиі кездеседі. Бұл кезде уақытты өткізбей арнайы мамандарға бару керек», – дейді маман.
ЭКО-мен туылған балалар туралы мифтерге жауап
Салтанат Байқошқарова ЭКО әдісімен туылған балаларға қатысты мифтерге де тоқталды.
«Мен ЭКО арқылы туған балаларға емес, жалпы бүгінгі балаларға алаңдаймын. Себебі аутизм секілді ауытқулардың саны жалпы халықта көбейіп жатыр. Бұл экологиялық және өмір салтына байланысты».
«35 жасқа дейін бала көтеру – биологиялық мүмкіндік»
Ұрпақ сүюге ең қолайлы жас — 18 бен 25 жас аралығы. Ал 30 жастан кейін бұл мүмкіндік күрт төмендей бастайды.
«35 жас – соңғы шек деуге болады. Әйелде ең бірінші қартая бастайтын ағза - аналық без. Ер адамдарда да солай: 40 жастан кейін сапасы күрт төмендейді. Сондықтан, ата-ана болуды кешіктірмеу керек», – дейді Салтанат Байқошқарова.
Үйленгеннен кейін бала болмаса, дәнігерге қащан бару керек?
Жалпы, үйленгеннен кейін бірінші жыл жүктілік болмаса, жай гинекологтарға емес, репродуктологтарға (бедеулікті зерттейтін арнайы мамандарға) барып тексеріліп көру керек. Ал жасы 35-ке келіп үйленсе, жарты жылдан кейін барып, себебін іздеп, табиғи жолмен мүмкіндіктерді жасау керек. Уақытты өткізбей, алғашқы бір жыл ішінде жақсы репродуктологқа барса, табиғи жолмен көтеруге мүмкіндік көп болады. Ал уақытты өткізіп алса, түрлі ауруларды қосып алуы мүмкін. Мұндайда, кейде эко да көмектесе алмай қалуы мүмкін.
Профилактика: не істеу керек?
- Жыныстық қатынасқа ерте түспеу
- Суық тигізбеу
- Ұялы телефонды қалтада ұстамау
- Медициналық тексеруден жиі өту
- Тұрмыс құрмай тұрып репродуктологқа көріну
«Қыз да, ұл да үйленбей тұрып арнайы тексеруден өтіп, болашақта ата-ана болуға дайындалуы керек. Бұл – жауапкершіліктің, білімділіктің белгісі», – дейді ғалым.
Әулиенің басына түнеу көмектесе ме?
«Түркістандағы клиникаға барғанымда дәліздің бәрі пациенттерге толып кетіпті. Егер әулиенің басына түнеу шын көмектескенде, әулиелер көп жатқан Түркістанда бедеулік болмас еді ғой. Алайда, ол адамның сенімі. Солай жасау арқылы олар өздерін психологиялық тұрғыдан демейді. Ал сенім – үлкен күш. Егер адамда қатты патология болмаса, сенім арқылы да бойына бала бітетін жағдайлар болады. Бірақ шын мәнінде, нақты ем-дом мен диагностика керек», – дейді Салтанат ханым.
Үміт үзілмесін!
«Бала сүю — табиғаттың сыйы. Бірақ қазіргі таңда ғылым мен медицинаның мүмкіндігі арқылы бұл сыйды күтуге де, табуға да болады. Ең бастысы — үміт үзбеу және дер кезінде маманға қаралу», – дейді репродуктолог.