Төлемдер 2024 қаржы жылы ішінде жасалған, ал кейбір оқиғалар 2023 жылдың соңында болғанымен, төлем кешіктіріліп жүргізілгендіктен, сол кезеңнің бір бөлігі осы статистикаға кірген. Сол сияқты 2024 жылдың соңындағы кейбір апаттар келесі жылғы есепке қосылады.
2024 жылы ең көп төлемдер елордада жасалған – 21 913 рет, бұл көрсеткіш өткен жылғыдай ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Одан кейін Алматы – 20 289 төлем, үшінші орында Алматы облысы – 12 813 төлем.
Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан жолдарында 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркелген, олардың 1 950-і адам өлімімен аяқталған. Барлығы өткен жылы жол апаттарынан 43 478 адам зардап шеккен, оның ішінде 2 582 адам қаза тапқан. Сақтандыру компанияларының жинақталған деректері ресми статистикадан 4,16 есе артық, себебі ресми деректерде тек адам денсаулығына немесе өміріне зиян келген апаттар ғана есепке алынады. Ең үлкен айырмашылық Астанада – 11,59 есе, ең төменгісі Маңғыстау облысында – 1,54 есе тіркелген.
«Ішкі статистикамызға сүйенсек, әр оныншы жол апатына үш және одан да көп көлік қатысады. Осы себепті бір сақтандыру жағдайына бірнеше төлем жасалады да, апаттылық деңгейі төмендейді. Сонымен қатар өткен жылы болған 11 970 жаяу жүргіншіні қағу оқиғасы сақтандыру статистикасына кірмейді.Осылайша, 2024 жылы Қазақстанда кемінде 130 мың жол-көлік оқиғасы болған», – деп түйіндеді «Еуразия» СК сарапшылары.
Еске салсақ, 2023 жылы сақтандыру компаниялары 92 925 төлем жасаған еді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 41,5%-ға өсті. Апаттар санының көбеюіне бірнеше фактор әсер еткен, олардың негізгісі – көлік санының артуы және европротокол рәсімінің енгізілуі.
2024 жылы полиция шақырылмай, жеңіл апаттарды жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу аясында 12 087 төлем жасалған. Сақтандыру төлемдерінің тіркелген автокөліктер санына шаққандағы үлесі 2,26%-ды құрады. Екі көлік кемінде қатысатын апаттарды есептегенде, жылына автопарктің 4,5%-ы жол апатына түседі. 2024 жылы жол апатына ұшырау ықтималдығы 1:22 болды.
Тіркелген автокөліктер санына шаққандағы төлемдердің ең жоғары үлесі Астанада – 5,16%. Яғни, елордадағы әр оныншы автокөлік бір жылда жол апатына түскен. Екінші орында Алматы – 3,04%, үшінші орында Шымкент – 2,85%.
«Сақтандыру деректері жолдардағы нақты жағдайды дәлірек көрсетеді, себебі ұсақ апаттар да есепке алынады. 2025 жылы апаттар саны мен төлемдердің өсімі жалғасуда. Биылдан бастап мопед жүргізушілері де сақтандыру полисін міндетті түрде рәсімдеуге тиіс, бұл да статистиканы арттырады. Тәуекелдердің өсуі автокөлік иелерін қосымша ерікті сақтандыру – каско қызметтеріне жүгінуге итермелейді. 2024 жылы каско келісімдері 536 мыңнан астам көлікті қамтыды, бұл автопарктің 9,35%-ын құрайды», – делінген «Еуразия» СК сарапшыларының мәлімдемесінде.
2024 жылы барлығы 129 878 төлем автокөлік, жүк көлігі, тіркеме, автобус, мотоцикл, сондай-ақ бағаналар мен қоршаулар сияқты мүлікке келген залалды өтеуге бағытталған. Сонымен қатар 1 624 төлем жүргізушілерге, жолаушыларға, жаяу жүргіншілерге денсаулығына зиян келтіргені немесе мүгедектік тағайындалғаны үшін, сондай-ақ қаза тапқандардың асырауындағы балалар мен басқа да тұлғаларға төленген.
Ең көп жол апатына жеңіл автокөлік иелері ұшыраған. 2024 жылы өзге қатысушылардың кінәсінен 7 276 жүк көлігінің және 3 824 автобустың жүргізушілері зардап шеккені анықталған.