Бұл жағдай туралы қоғам белсендісі Сауле Бикитеева әлеуметтік желіде жазды.
«Алматы, Алмалы ауданы. Олар қатты әлсіреп қалыпты, су сатып әкелдім, жедел жәрдем шақырдым. Бұл видеоны бөлісіңіздерші, ата-аналары көріп, балаларына қараса екен. Біртүрлі, қорқынышты жағдай. Бүгін Арбатта алты жасөспірімді көрдім, олар бірдеңе ішкен сияқты, өздері мойындады, бірақ спирттің иісі сезілмейді, мас та емес сияқты», – деп жазды ол.
Кейін Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Диана Ерлан мәлімдегендей, полиция жасөспірімдердің жеке тұлғасын анықтап, оларды бөлімшеге жеткізген. Олардың екеуі қалалық балалар ауруханасына жатқызылған – сараптама нәтижесі алкоголь ішкенін көрсетті. Қалғандары да медициналық тексеруден өтті.
«Қазір оқиғаның нақты мән-жайын полиция анықтап жатыр. ҚР ӘҚБтК 440-бабының 2-бөлігі – кәмелетке толмағандардың қоғамдық орында мас күйінде жүруі және алкоголь ішуі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық материал жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады», – деді Ерлан.