Алдын ала мәлімет бойынша, Гүлайым Рахмонова тізгіндеген Toyota Land Cruiser көлігі аударылып кеткен. Көлікте спортшының әйелімен бірге оның ұлы және бірнеше жолаушы болған.
Апат салдарынан екі жолаушы көз жұмды:
– 39 жастағы азаматша оқиға орнында жан тапсырған;
– 35 жастағы тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізіліп бара жатқанда қайтыс болған.
Гүлайым Рахмонова мен оның 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.
«Ота қажет емес. Жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында», – деді аурухана өкілдері.
Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі — «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол ережесін бұзу» бойынша тергеу бастағанын хабарлады. Қосымша мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланбайды.