Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Газада жаппай ашаршылық басталды: гуманитарлық көмек жетпей жатыр

Газа секторында аштық қарқыны үдей түсті – 100-ден астам гуманитарлық және құқық қорғау ұйымы бұл аймақта "жаппай ашаршылық басталды" деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, Газаға тәулігіне небәрі 28 жүк көлігі ғана гуманитарлық жүк жеткізеді.

Газада жаппай ашаршылық басталды: гуманитарлық көмек жетпей жатыр
Фото: Zuma Press/Scanpix/LETA

Израиль билігі азық-түлік жеткізуге кедергі келтірмейміз деп мәлімдеп отыр. Олар 2000 тонна балалар тағамын жеткіздік дейді. Алайда бұл қанша уақыт ішінде болғаны нақтыланбаған.

АҚШ бұл жағдайға байланысты жоғары лауазымды өкілін Еуропаға аттандырып, атысты тоқтату мен гуманитарлық дәліз құру жөнінде келіссөздер жүргізуге кірісті.

ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы тәулікте аштықтан 10 адам көз жұмған. Қазан айында қақтығыс басталғалы бері аштықтан өлгендердің жалпы саны – 111.

Аш-Шифа ауруханасының директоры Мохаммед Абу Сальмияның айтуынша, соңғы үш күнде азық жетіспеушілігінен 21 бала қайтыс болған. Қазір Газада 900 мың бала дұрыс тамақтанбайды.

БҰҰ жанындағы палестиналық босқындар агенттігінің өкілі Аднан Абу Хасна гуманитарлық ахуалдың өте күрделі екенін айтып, "аштық пен шөл қару ретінде қолданылып жатыр" деді.

Оның сөзіне қарағанда, бір миллионға жуық бала жедел аштық қаупі алдында тұр. Отбасылардың 90%-ы қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.

Израиль бұған дейін бірнеше мәрте тұрғындарды әдейі аш қалдырып отыр деген айыптауларды жоққа шығарған. Елдің қорғаныс министрлігі гуманитарлық жүктерді кіргізуге мүмкіндік жасап отырмыз дейді. Мәселен, Израиль әскерінің өкілі Надев Шошани шекара маңында жиналып тұрған 950 жүк көлігі түсірілген видеоны жариялады.

Бірақ БҰҰ өкілдері өз көліктерімен жүктерді өткізуге ЦАХАЛ-дан қауіпсіздік кепілдігін ала алмай отырғанын айтады. Олар гуманитарлық көмекті алуға келген бейбіт тұрғындар қайта-қайта атқыланып жатқанын мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик бұл шабуылдар "Израиль тарапы әскер тартылмайды деп уәде бергеніне қарамастан" болып жатқанын айтты.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасының мәліметінше, гуманитарлық көмек тарату кезінде 27 мамырдан бері 1054 адам қаза тапқан. Оның ішінде 766 адам GHF (Gaza Humanitarian Foundation) тарату пункттерінде, ал 288-і БҰҰ және басқа ұйымдардың көмек көліктері маңында мерт болған.

Мысалы, өткен жексенбіде ғана Газа секторында БҰҰ көмегін күтіп тұрғандардың арасынан кемінде 67 адам қаза тапқан.

Израиль мен GHF бұл деректермен келіспейді. Израиль бұл жүйе гуманитарлық көмекті ХАМАС-тың қолына түспеу үшін құрылған дейді. Ал БҰҰ этикалық себептерге байланысты GHF-пен жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

Шіркеуге шабуыл

Өткен аптада Израиль әскері Газадағы жалғыз католик шіркеуіне шабуыл жасап, оның салдарынан үш адам қаза тапқан еді.

Израиль армиясы бұл оқиға оқ-дәрінің бағытынан ауытқуы салдарынан болғанын мойындады. Осыдан кейін дін орындары мен баспана ретіндегі ғимараттарға оқ ату тәртібі қайта қаралған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Рим Папасы арасындағы телефон әңгімесінен соң, израильдік әскерилер азаматтарға келген зардап үшін өкініш білдірді.

Қазір Израиль әскерилері шіркеуге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуді жеңілдеткенін мәлімдеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату