Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Экономикада өсім бар, бірақ қалта жұқа

Қазақстанда экономикалық өсім ресми түрде қалпына келіп жатқанымен, макроэкономикалық тұрақтылыққа қатысты түйткілдер ушығып барады. Дүниежүзілік банк ішкі сұраныстың артуын оң көрсеткіш ретінде бағалағанымен, инфляцияны тежеу әзірге мүмкін болмай отыр.

Экономикада өсім бар, бірақ қалта жұқа
Фото: ашық дереккөз

Негізгі көрсеткіштер:

2025 жылдың алғашқы бес айындағы нақты ІЖӨ өсімі – 6%

Инвестиция көлемі – 18,2%-ға, ішкі сауда – 7,8%-ға артқан

Экспорт – 12,3%-ға азайған, импорт – 3,3%-ға көбейген

Инфляция – басты қауіп

Маусым айында жылдық инфляция 11,8%-ға жетіп, жеті ай қатарынан өсіп отыр. Әсіресе:

  • Азық-түлік бағасы – 10,6%-ға,
  • Азық-түлік емес тауарлар – 9,4%-ға,
  • Қызмет көрсету – 16,6%-ға қымбаттаған.

Бағаның күрт өсуі коммуналдық тарифтердің көтерілуімен және субсидия жүйесінің реформасымен байланысты.

Бюджет жағдайы

  • Мемлекеттік кіріс – 25 млрд доллар (4,3%-ға азайған)
  • Шығын – 27 млрд доллар (3,1%-ға өскен)
  • Қарызды өтеуге жұмсалған қаражат – 3,1 млрд доллар (кірістің 13,4%-ы)

Нәтиже: 2 млрд доллар тапшылық

Мұнайдан түсетін табыс 30%-ға қысқарды. Ал салықтық түсімдер (мұнайсыз) тек 1,3%-ға ғана артқан.

Қаржы теңгерімсіздігі

  • Ұлттық қордағы қаражат – 59,7 млрд доллар
  • Мемлекеттік қарыз – 67,2 млрд доллар
  • Арадағы айырма – теріс баланс (–9,5 млрд доллар).

Несие нарығындағы көрініс

Базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейінде сақталуда. Соған қарамастан:

  • Тұтынушылық несие – 10,5%-ға,
  • Корпоративтік несие – 4,4%-ға ғана өскен (былтыр желтоқсанда – 7,1%).

Бөліп төлеу, субсидияланған бағдарламалар және тұтынушылық несие халықтың борышын арттырып жатыр. Бұл:

  • Үй шаруашылықтарының қаржылық тұрақтылығына кері әсер етеді;
  • Ақша-несие саясатының тиімділігін әлсіретеді;
  • Несие нарығындағы шынайы жағдайды бұрмалайды.

Валюта нарығы және теңге

2025 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы шот 1 млрд доллар тапшылық көрсетті. Ұлттық валюта – теңге – 2022 жылғы деңгейге дейін құнсызданып отыр.

Экономикалық өсім туралы ресми деректер жағымды болғанымен, инфляция, сыртқы сауда тапшылығы, борыштың көбеюі және валюта тұрақсыздығы – ел экономикасының әлсіз тұстарын ашық көрсетіп отыр. Ішкі сұраныс есебінен пайда болған өсім жалған тұрақтылық әсерін беруі мүмкін. Алайда бұл ұзақмерзімді даму үшін жеткіліксіз. Нағыз сын сәті алда.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату