Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Киік киелі жануар ма?

Қостанай қаласы мен ауылым Милісайдың арасы 5-6 сағаттық жол. Жол бойы жазық даланы кезіп жүрген отар-отар ақбөкендер көп ұшырасады. Ақылы жоқ жануардың жолаушымен жарысып, жолды кесіп, шаршамай жүгіретін ерекше қасиеттерін көріп таңғаласың.

Киік киелі жануар ма?
фото: ашық дереккөз

Құдай Тағала ақбөкенге (киік) көптеген мұғжиза беріп қойған.
Мына ақпараттарды білгеннен кейін қазақ «киікті киелі» деуінің мәнісін ұғып, Алланың шексіз құдірет иесі екеніне сенетін боласыз:)

1)Ақбөкендер төлдейтін уақытта жел тұрып, күн суытады. Бұл киік төлінің желге қарсы жүгіріп, буыны қатуы үшін. Халық арасында бұл уақыт «құралай салқыны» деп аталып кеткен. Мамыр айының ортасына таман болады.
2)Сондай-ақ бұл уақытта сәл көлденең бағытта жаңбыр жауады. Бұл желге қарсы жүгіріп жүрген ақбөкендердің артын тазалап, құрттап кетуінен сақтау үшін.
3)«Қасқырдың жағы қарысқан уақыт» дегенді естіген боларсыз?! Ақбөкен төлдейтін уақытта қасқыр еттен жеріп, жағы қарысып қалады. Бұл да Алланың киік төлдерін аман сақтау үшін жасаған құдіреті!
4)Әр киік туған сайын осындай өзгеріс бола бере ме деп ойлап отырған боларсыз. Ақбөкендерге берілген тағы бір ерекшелік – олардың барлығы бір уақытта төлдейді.
5)Сондай-ақ, ғалымдар әлі зерттеп ұға алмай жүрген ақбөкендердің қасиеті – жынысын реттеп, теңестіріп отыруы. Яғни, бір жылы бұл жануардың еркегі азайса, соған сай еркегі туады; ал ұрғашы мал азайса, ұрғашы мал төлдеп, отардағы санын теңестіріп отырады екен.
6)Екіге жарылған тұяқтарының арасында ауа тесігі бар. Соның көмегімен тоқтамастан жүгіретін киіктердің өкпесі шаршамайды.
7)Жүгіріп жүрген ақбөкендер жолаушы көрсе, өздерін көрсетіп кісінің жолын кеседі. Бұл Құдайдың кісіге олжалап алуы үшін көрсеткен жеңілдігі.
8)Тіпті, кейбір ақбөкендер жолаушының алдына өзі келіп құлайды. Жай құламайды, бауыздауға дайын күйде құбылаға бет бұрып құлайды. Жолаушы қынынан қанжарын сурып, «бисмиллә, Аллаһуәкбәр» десе болғаны…

Бір ғана жануардың бойынан осынша мұғжизаны көре тұра қалайша Құдайдың бар екеніне күмәнмен қарауға болады?!
«Ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай айқын белгілер (дәлелдер) бар»! (Имран, 190-аят)

(Халқымыз киікке осындай ерекшеліктер берілгендіктен киелі деп атаса керек. Әрине, Құдайдың жаратқан жанды нәрсесінің бәрі ардақты. Оларды қорлап, азаптауға болмайды. Алайда, «…Алла сендер азық қылсын деп жануарды жаратты» (Ғафир, 79-аят))…

Соңғы абзацты оқып, құзырлы органдарға хабарлап жібермеңіздер:) Негізі ақбөкен Қызыл кітапқа енген. (ред.Қазір киікті атуға рұқсат етіліп жатыр)

P.S: Ақпарат қыр баласы әкем мен биолог маман анамның әңгімесі бойынша жазылды. Ешқандай ғылыми негіздермен растығын анықтап көрмедім.

Жанерке Амангелдінің Telegram арнасынан алынды

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату