Қария бұл қаражатты зейнетақысынан үнемдеп, жылдар бойы жинаған. 2022 жылы төлқұжат рәсімдеп, қажылыққа баруға дайындалғанымен, сол жылы енгізілген жас шектеуіне (65 жасқа дейін) байланысты жолы түспейді. Кейін денсаулығы сыр беріп, ұзақ сапарға шығу мүмкін болмай қалған.
– Қасиетті мекенге жетуді арман еттім. Бірақ жасым келіп қалды, денсаулығым да сыр бере бастады. Ақырында, бұл жолдан бас тартуға тура келді. Сол кезде ойыма анам жиі түсіп, көп ойландым. Ақыры, жиған-тергенімді мұқтаж жандарға бергенді жөн көрдім, – дейді ардагер.
Сағадат ата арнайы ізденіп жүріп, ауыр дертке шалдыққан балалар мен олардың аналарын жинаған. Әрқайсысына 120 мың теңгеден бөліп, 30 анаға қолма-қол табыстаған.
– «Бұл — перзенті үшін күресіп жүрген аналардың еңбегінің бір өтеуі болсын» дедім. Ананың алақаны мен махаббатын ештеңемен өлшей алмайсың, – дейді ол.
Ардагердің сөзінше, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне берілетін біржолғы төлемді ала алмаған. Қарттар үйінің басшылығы мұндай көмек мемлекеттің толық қамқорлығындағы адамдарға қарастырылмағанын айтқан. Сағадат ата бұл шешімге көңілі қалғанын жасырмады.
Қазір ол қарттар үйінде бір бөлмеде тұрып жатыр. Айтуынша, жағдайы жаман емес – ішер ас, киер киім бар, қызметкерлері де қамқор.
Сағадат Жұмабаев еңбек жолын қазіргі Тереңкөл ауданында шөп шабушы, есепші, қойма меңгерушісі болып бастап, кейін Павлодардағы зауыттарда ұзақ жыл еңбек еткен. 1988 жылдан бері зейнеткерлікке шыққан.