Экономикалық реформалар бір күнде жасалмайды. Экономиканы әртараптандыру – бір жылда жүзеге асатын оңай реформа емес. Бұл – ұзақ мерзімді, жан-жақты, күрделі трансформация. Бірақ оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болуы мүмкін.
Біз тілдескен экономика және ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әлібек Ерғалиев осындай пікірде екен.
– Қызылорда – тарихы терең, әлеуеті мол, еңбекқор халқы бар аймақ, - дейді ол бізбен әңгімесінде. – Сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – біздің ортақ міндетіміз. Қызылорда облысы бұрын мұнай мен уран өндірісіне тәуелділігімен ерекшеленсе, соңғы жылдары экономиканы өндіруші сектордан өңдеуші секторға бағыттау қолға алынуда.
Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар:
- Шыны зауыты – Орталық Азияда баламасы жоқ, экспортқа бағытталған ірі жоба. Кәсіпорын 2024 жылы толық қуатына шықты;
- Цемент және әк зауыттары – құрылыс индустриясын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етеді;
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кластерлері – күріш, балық, көкөніс өнімдерін экспортқа дайындайды;
- "Аралтұз" кәсіпорны – өңірдің брендіне айналған өндіріс, бүгінде Еуропа мен ТМД нарығына шығуда.
2025 жылға қарай облыста ЖӨӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіп үлесін 25%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Қызылорда облысы инвесторларға инфрақұрылымы дайын, құқықтық жағынан қорғалған аймақ ретінде ұсынылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар:
- Облыс әкімдігінің жанынан "Инвесторларға қызмет көрсету орталығы" жұмыс істейді;
- "Байқоңыр" индустриялық аймағында арнайы жеңілдіктер қарастырылған – жер телімдері, инфрақұрылым, салықтық преференциялар;
- Kazakh Invest пен шетелдік елшіліктер арқылы халықаралық инвесторларға таргетті ұсыныстар жасалуда;
- 2024 жылы өңірге 530 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде шетелдік капитал – 80 млрд теңге.
Жақын жылдары жаңа логистикалық хаб, теміржолмен жүк өңдейтін терминал және "Жасыл экономиканы" дамыту жобалары іске қосылмақ.
Қызылорда облысының географиялық орналасуы – логистикалық әлеуеті зор екенін көрсетеді.
Бұл бағытта:
- Қытай, Өзбекстан, Түркия, Иран, Ресеймен тікелей сауда қатынастары орнатылған;
- Жыл сайын "Қорқыт Ата" халықаралық бизнес-форумы, "Арал өнімдері" жәрмеңкесі, "Агро-Қызылорда" көрмесі ұйымдастырылады;
- Арал өңіріндегі тұз, күріш, балық өнімдері – экспорттық бағыттағы стратегиялық тауарлар;
- Қызылорда-Жезқазған теміржолы – аймақтық сауда байланыстарын кеңейтуге жол ашып отыр.
Саудадағы ашықтық пен тиімділік – кәсіпкерлікті дамыту мен сыртқы нарыққа шығу үшін берік негіз болуда.