Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 маусым, 2025 / Аман ШАМАР / Қаржы

Қызылордада экономиканы әртараптандыру қарқын алды

Қызылордада экономиканы әртараптандыру қарқын алды

Қызылордада экономиканы әртараптандыру қарқын алды
Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысы – Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай, еңбекқор халқы мен экономикалық әлеуеті зор аймақ.

Бүгінгі таңда өңір дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, инвестицияға тартымды аймақ, өңірлік сауданың белсенді қатысушысы және отандық өндіріс пен тұтынушы құқығын қорғау бағытында үлгі боларлық тәжірибе қалыптастырып келеді.

Қызылорда облысы – Қазақстан экономикасының құрылымында айтарлықтай үлесі бар өңір. Кеңес дәуірінен бері бұл аймақ күріш өндірісі мен мұнай-газ секторымен танымал. Алайда соңғы жылдары өңірдің экономикалық дамуы бірқатар сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр: мұнай қорларының сарқылуы, күріш шаруашылығына қажетті судың тапшылығы, жаһандық климаттың өзгеруі және әлемдік нарықтағы тұрақсыздық.

Осы орайда Қызылорда облысы үшін экономиканы әртараптандыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл – жай ғана даму жолындағы бір бағыт емес, өңірдің болашағы үшін стратегиялық маңызды шешім.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сағындықовтың айтуынша, Қызылорда үшін шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеуші, аграрлық және зияткерлік секторларға бағыт алу – аймақтың өміршеңдігін сақтап қалудың жалғыз жолы.

— «Қазіргі таңда аймақта жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар – осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдар. Мысалы, шыны зауыты – бұл өңір үшін бұрын-соңды болмаған өндірістік серпіліс. Бұл зауыт тек шыны өндірісімен ғана шектелмейді. Оның айналасында құрылыс, логистика, қызмет көрсету, экспорттық логистика сияқты бірқатар қосалқы салалар да дами бастайды. Бұл мультипликативтік әсер береді», – дейді сарапшы.

Жанат Сағындықовтың пікірінше, әртараптандыру – бұл жай салалардың тізбесі емес, бір-бірімен тығыз байланысты, икемді әрі инновациялық экономика құру. Аймақта бұл бағытта аграрлық сектор маңызды рөл атқарады. Алайда күрішке деген тәуелділік жағдайды қиындатып отыр.

— «Күріш егісі судың ең көп тұтынылатын саласы. Қазіргі су тапшылығы жағдайында бұл – үлкен тәуекел. Сондықтан облыс мал шаруашылығы мен су үнемдейтін агротехнологияларға негізделген егін шаруашылығына бет бұруы тиіс. Бұған ғылымды араластырып, университеттер мен кәсіпкерлер арасындағы кооперацияны нығайту қажет», – дейді ғалым.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату