Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қарағандыда австралиялықтар жаңа зауыт салады

Австралиялық Sarytogan Graphite Limited компаниясы Қарағанды облысындағы графит өндіру жобасын кеңейтіп, өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды newsroom.kz The Sydney Morning Herald басылымына сілтеме жасап.

Қарағандыда австралиялықтар жаңа зауыт салады
Фото: GURFAN

Жаңа кәсіпорын Шет ауданына қарасты Ағадыр кентінен төрт шақырым жерде орналасады. Осы мақсатта компания он гектар жер телімін сатып алған. Зауыт орналасатын аумақта қуаты 50 мегаватт болатын күн электр станциясы салынған, ал теміржол желісі тікелей маңынан өтеді. Бұл инфрақұрылым өндірісті жедел іске қосуға мүмкіндік береді.

Жер учаскесін пайдалануға Sarytogan Graphite Limited-тің еншілес компаниясы – KazGraphite аукцион арқылы ие болды. Австралиялықтар 9 мың доллар төлеп, бес жылға жалға алды. Кейін бұл мерзімді ұзартуға болады.

Компания басшылығы Қазақстаннан өндірілетін графитті заманауи аккумуляторлар өндірісіне қажет негізгі компонент – анод жасауға пайдалануға ниетті. Зауытта жоғары сапалы, аса таза графит шығарылып, ол әлемнің технологиялық дамыған нарықтарына жөнелтіледі.

– Біз облыс әкімдігімен және жергілікті қауымдастықтармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға үміттіміз. Қазақстандық графит аккумулятор технологиясындағы жаһандық серпіліске өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Sarytogan Graphite Limited-тің басқарушы директоры Шон Грегори.

Sarytogan кен орны аумағы 70 шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр. Мұндағы графит қоры – 229 миллион тонна. Компания бұл жерден 25 және 35 жылға берілген екі өндіру лицензиясын алып үлгерген. 60 жылдық өндіріс кезеңінде барланған қордың шамамен 4 пайызы ғана өндірілмек.

Айта кетейік, бұған дейін тағы бір австралиялық компания — C29 Metals Limited Қазақстанда мыс пен алтынға геологиялық барлау жүргізетінін мәлімдеген еді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату