Қызым небәрі 11 айлық. Бір күнде 7-8 рет құсып, іші өтіп, денесі дел-сал боп қалғанда, Жаңақорған аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне түстік. Қызым қатты ауырды, ал мен оның жанына жатып, әр демін санап, қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Бірақ дәл сол сәтте біз аурумен емес, медициналық мекеменің салғырт жүйесімен күресуге мәжбүр болдық.
Қауіпсіз кереует жоқ: балалар құлап жатыр
Ауруханадағы төсектер — ана мен сәбиге арналмаған. Ересек адамға арналған тар кереуетке, бала құлап кетпесін деп, бір жақ қырыңа бұралып, сүліктей жабысып жатасың. Бірақ менің барынша тырысқаныма қарамастан, қызым түн ортасында бір жағынан құлап түсті.
Таң атпай, көрші палатада жатқан аналардан сұрап едім — олар да кешегі түні балаларын кемі бір рет құлатып алыпты. Ал біздің палатада жатқан бір бала тіпті үш рет құлады. Өзім куәмін. Себебі, ол түнді ұйқысыз өткіздім. Міне, сұмдық! Бұл – оқыс оқиға емес, үйреншікті жағдай.
Төсек-орын жаймаларын үйде шүберек ретінде де қолданбас едік
Төсек-орын жабдықтары — лас. Бұрынғы дақтың ізі, түсі оңған, түгі шыққан жаймалар. Орындық жоқ. Үстел бар. Тамақты қалай ішесің? Бір қолыңмен балаңды ұстап, екінші қолыңмен ас іше бер. Ал мен төсекте отырып ішіп жүрдім. Бір сәтке тұрып кеткенде, қызым қайтадан құлап кетпесін деп елеңдеп тұрасың.
Еден — кафель. Мұздай. Еңбектейтін баланы еденге жіберу мүмкін емес. Балаларға арналған кілемше де жоқ. Үйден балаларға арналған кілемшені алдырттым. Бірақ жұқпалы бөлімге "кіргізуге болмайды" деп тыйым салды. Басшылыққа дезинфекция жасауға болатын қажет затты кіргізуге заңмен рұқсат етілгенін айтып жүріп қайта алдырдым. Әйтпесе, ананың дәретханаға баруы – нағыз сынақ. Қызым ұйықтағанда ғана жан-жағын киімдермен қоршап, тез жүгіріп барып келем.
Ауыстыр деген жоқ, өзің жу деді
Қызым күніне бірнеше рет құсып, іші өтеді. Арнайы су өткізбейтін жаялығым бар. Бірақ көп қолдануға келмейді. Ал аурухананың төсеніштері былғанса, жаңасын сұрауың керек. Бірақ бірінші күні санитарлар 2-3 сағаттан кейін әзер келіп ауыстырып берді. Екінші күні:
“Міне, жаңасын ал. Өзің ауыстыр, былғанғанын жуып, жайып қой. Кепкен соң алып кетем,” – деді.
Сол сәтте менің орнымда болсаңыз — не істер едіңіз? Құсып жатқан баланы қайда қалдырып, жууға шығасыз?
Тыйым сағатындағы тығырық
Жолдасым қажетті заттарды алып келді. Бірақ "тихий час" болып жатыр деп өткізбеу – жүйенің жансыздығын көрсетеді. Мен бір ғана анамын. Бірақ ауырған балам үшін әр минут маңызды еді…
E-otinish арқылы жаздым. Нәтиже шықты ма?
Бұл жайды әлеуметтік желіде бөліскеннен кейін, еліміздің әр аймағынан жүздеген ана үн қатты. Бәрі дерлік осындай қиындықтарды бастан өткерген.
Мен e-otinish.kz арқылы ресми арыз түсірдім. Жаңақорған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы байланысып, тексеру жүргізгендерін айтты. Нәтижесінде:
Бөлім меңгерушісіне 39 320 теңге айыппұл салынған.
Иә, бұл – нәтижесіз емес. Бірақ жүйелік мәселеге салынған бір реттік айыппұл жеткілікті ме? Қаншама бала құлады, қаншама ана жүйкесі жұқарған түндерді өткізді — ал салынған айыппұл көлемі бір терезенің шығынындай ғана.
Заң не дейді?
Мен заңгер Нұрлан Жанабаевтан кеңес те алдым. Оның айтуынша,
“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” ҚР Кодексінің 85-бабына сәйкес, науқас адамның және оның қамқоршыларының қауіпсіздігі мен жайлылығы – медициналық ұйымның тікелей міндеті.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін жабдықтар, еденнің жағдайы, баланың құлау қаупі – заң бұзушылық. Сонымен қатар,
Қазақстан Республикасының “Баланың құқықтары туралы” заңының 9-бабы бойынша, балаға медициналық көмек көрсету кезінде оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеуі тиіс.
Бұл заң нормаларына сәйкес, менің қызым құлаған жағдай – тек медициналық салғырттық емес, баланың конституциялық құқығының бұзылуы.
Мен бұл репортажды жазғанда, журналист ретінде емес, ана ретінде жаздым. Себебі мен бұл жағдайды жай ғана бақылаған жоқпын — басымнан өткердім.
Бүгінде менің қызым аурудан жазылды. Ал аурухана жүйесінің сауығуы үшін біз бәріміз үн қосуымыз керек.