Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ғимараттың 6 мен 16-қабаттары аралығындағы сыртқы қаптаманың жылуоқшаулағышы жана бастаған. Сондай-ақ 14-қабаттағы балкон да отқа оранған. Жалпы өрт аумағы шамамен 250 шаршы метрді қамтыған.
Оқиға орнынан 100-ге жуық адам өздігінен шығып үлгерген, тағы 15 тұрғын арнайы қызмет көмегімен эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
«Өртті сөндіруге 72 құтқарушы мен 19 техника жұмылдырылды. Өрт толықтай сөндірілді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр», — делінген ресми хабарламада.