Өрт Сарайшық ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде, тұрғын үй кешенінің жанындағы ашық автотұрақта болған. Төтенше жағдайлар қызметі келген кезде бес көлік те ашық жалынға оранған. Қатты жел салдарынан өрт жақын тұрған көліктерге тез тараған. Құтқарушылар оқиға орнына жеті минут ішінде келіп, өртті жедел сөндірген.
Полицияның алдын ала мәліметінше, көліктердің бірінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт шыққан. Төрт автомобиль толық жанып кеткен, тағы бір көлік ішінара зақымданған.
Өрт кезінде бір ер адам зардап шекті. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Ол қажетті медициналық көмек алып жатыр.
Қазір полиция өрттің барлық мән-жайын, нақты себептерін және келтірілген материалдық шығын көлемін анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.