Бүгінде Германия Бундесратының Президенті ретінде танылған Анке Релингер – көпшілікке тек саясаткер ретінде ғана емес, бір кездері кәсіби деңгейде жеңіл атлетикамен айналысқан, үлкен спортта өзін дәлелдеген тұлға. Оның саяси жолы – табандылық пен жігердің жемісі болса, спорттық кезеңі – бұл қасиеттердің қайнар көзі.
Спортқа алғашқы қадамын мектеп қабырғасында бастаған Анке Саар жерінің чемпионы атанып, ядро лақтыруда аймақтық рекорд орнатты. 1996 жылы 17 тамызда ол снарядты 16,03 метрге лақтырып, Саар тарихындағы ең үздік нәтиженің иесі атанды. Бұл рекорд әлі күнге дейін жаңармаған. Бұдан бұрын, 1995 жылы 23 қыркүйекте ол диск лақтыруда да жастар арасындағы Саар рекордын тіркеді – 49,18 метр. Бұл көрсеткіштер тек спорттық жетістік емес, оның тәртіпке, жаттығуға, мақсат қоюға және өзін-өзі дамытуға деген биік талпынысын көрсетеді.
Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Бундесратының Президенті Анке Релингер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Анке Релингер Қазақстан басшысына өз ризашылығын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың тереңдеуі жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті:
«Ой-пікір алмасуға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет. Сіздің ыстық ықыласыңызды Федералдық Президент Штайнмайерге жеткіземін. Ол – Қазақстан мен Орталық Азияның шынайы досы. Қазақстан орта держава ретінде біздің осы өңірдегі негізгі серіктесіміз», – деді Анке Релингер.
Оның айтуынша, қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайында Қазақстан мен Германия арасындағы сенімді диалог пен өзара қолдауға негізделген әріптестік ерекше маңызға ие. Германия Қазақстанмен жасыл энергетика, логистика, кәсіпкерлік және білім беру салаларында байланыстарды кеңейтуге ниетті.
I. Сауда, инвестиция және жасыл энергетика: сенімді әріптестік
Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас жаңа серпін алып отыр. Бұл – тек дипломатиялық қадам емес, нақты экономикалық және стратегиялық әріптестікке бағытталған ұтымды диалог.
Бүгінде Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктеске айналды: аймақтағы Германиямен жасалатын сауданың 81%-ы Қазақстанға тиесілі. 2023 жылғы екіжақты тауар айналымы $4 млрд-қа жетіп, 5,9% өсім көрсетті. Әсіресе, Қазақстандық өнімдердің экспорты $1,2 млрд-қа жетіп, 56,8%-ға артты. Бұл – Қазақстан үшін сауда құрылымын әртараптандыру мен ішкі өндірісті ілгерілету жолында маңызды көрсеткіш.
Инвестиция саласында да айқын алға жылжу байқалады. 2005 жылдан бері Германия Қазақстан экономикасына $7,2 млрд тікелей инвестиция салған. Мұның 90%-ы шикізаттық емес секторларға: өңдеу өнеркәсібі, химия өндірісі, құрылыс материалдары, транспорт және агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған. Бұл тренд – Қазақстанның индустрияландыру және технологиялық жаңғыру жолындағы сенімді бағытын білдіреді.
Энергетика саласы – қос ел ынтымақтастығының стратегиялық өзегі. 2023 жылы Германия 10,6 млн тонна қазақстандық мұнай импорттап, Қазақстанды бұл салада маңызды серіктес ретінде бекітті. Алайда, болашақ энергия бағытында да нақты бастамалар бар. Екі ел су сутегі және «жасыл энергетика» саласында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Бұл бастамалар климаттық міндеттемелерді орындау мен инновациялық өндірісті дамытуда маңызды рөл атқарады.
II. Геосаяси логистика және өнеркәсіптік кооперация
Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастың тағы бір маңызды қыры – логистика және өнеркәсіптік кооперация. Германия Еуропа үшін Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде қарастырады. 2023 жылы Орта дәліз (Middle Corridor) арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл Қытайдан Еуропаға Ресей мен Иранды айналып өтетін балама дәлізге деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Орта дәліздің дамуы – тек Қазақстан емес, Еуропалық Одақ мүддесіне де сай.
Өнеркәсіп саласында екі ел бірлескен индустриялық кластерлер құруды көздеп отыр. Еркін экономикалық аймақтар (СЭЗ) базасында құрылатын заманауи кластерлер – шетелдік компаниялар үшін өндірістік инфрақұрылымы дамыған, салықтық артықшылықтарға ие орта қалыптастырады. Бұл – неміс кәсіпкерлері үшін Қазақстанды технологиялық өндіріс пен экспорттың жаңа нүктесіне айналдыра алады.
Сондай-ақ, геология және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы ынтымақтастық – Германия үшін аса өзекті. Өнеркәсіптік өнімдердің маңызды компоненттері саналатын сирек кездесетін металдар мен шикізат көздерін бірлесіп игеру – жаһандық бәсекелестікке дайын болудың амалы.
Германия – Қазақстан экономикасына $6,7 млрд инвестиция құйған сенімді әріптес
Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық әріптестік жылдан-жылға нығайып келеді. 2005 жылдан бері Қазақстанда 740-тан астам неміс компаниясы мен 400-ге жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.
Ресми мәліметке сәйкес, осы кезеңде неміс бизнесінің Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі $6,7 миллиардқа жеткен. Әсіресе, 2023 жылы айрықша серпін байқалды – бір жылда тартылған тікелей инвестиция көлемі $770,2 миллион долларды құрады.