«Біз осы форумда қауіпсіздік, экономика және климаттың өзгеруі сияқты мәселелерді қарастырып жатырмыз. Бірақ демократиясыз осының бәрін қалыптастыра алмаймыз», – деді ол.
Берсердің айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси ахуалда демократияны қорғау – жаһандық тұрақтылық пен әділеттілікке жетудің басты жолы.
Ален Берсер демократиялық қауіпсіздіктің жаһандық сын-қатерлеріне тоқталды. Өз сөзінде ол демократияны қорғау – қазіргі әлемнің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Егер біреу саяси пайда көздесе, жазасыздық қалыпты жағдайға айналса, ал ақиқат тек пікір деңгейінде қалып қойса және бұл жағдайларға қарсы тұру мүмкін болмаса – онда демократия күйрейді. Сондықтан біз оны барлық деңгейде қорғауымыз керек», – деді ол.
Қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасы қажет
Ален Берсер қазіргі таңда демократиялық құндылықтарға қатер төндіріп тұрған нақты жағдайларды атады: Украина мен Газа аймақтарындағы соғыс, әлеуметтік желілердегі радикализация және ақпараттық шабуылдар. Осы ретте ол қауіпсіздік ұғымын қайта ойластырып, кешенді әрі әділетті тәсіл қажет екенін айтты.
«Демократиялық қауіпсіздік – тек сыртқы шабуылдардан қорғану емес, ішкі тозудан да сақтау. Терроризм, көші-қон, киберқылмыс пен жемқорлық бүгінгі күннің басты сын-қатерлеріне айналып отыр. Бұл жағдайлар қосарланған стандарттардың таралуына жол ашуда, ал ол өз кезегінде қоғамның билікке деген сенімін жойып, жүйені іштей әлсіретеді».
Берсердің айтуынша, демократиялық елдер мұндай жағдайда өздерінің басты қағидаттарынан бас тартпауы керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде адам құқығы, заң үстемдігі және моральдық құндылықтар бірінші орында тұруы тиіс.
Үш басымдық: білім, қорғаныс және инновация
Бас хатшы демократияны сақтау үшін үш негізгі бағытты ұсынды:
Білім – қоғам ақиқат пен жалғанды ажырата білуі керек;
Қорғаныс – демократиялық институттарды сақтап, оларды сын-қатерлерден қорғау қажет;
Инновация – үнемі өзгеріп отырған әлемге бейімделу үшін басқару модельдерін жаңарту.
«Бүгінгі сын-қатерлер – тек бір мемлекет немесе бір институт шеше алатын мәселелер емес. Демек, ортақ жауапкершілік пен ынтымақтастық қажет. Біз “қағидаларды кейінге қалдыра тұрайық” деген көзқарастан аулақ болуымыз керек. Өйткені дәл осы сәтте заңсыздық пен ұлтшылдық, протекционизм күшейіп, ынтымақтастықтың іргесін сөгуі мүмкін».
Орталық Азиядағы қауіпсіздік – ортақ мақсат
Сөз соңында Ален Берсер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту бастамасын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, аймақтағы елдер жаһандық сын-қатерлерге тек бірлесіп қана төтеп бере алады.