Алғашқылардың бірі болып Астана қаласы, Ақмола және Павлодар облыстары өз жағдайымен бөлісті. Талқылауда қонақүйді толтырудан бастап балалар туризміне дейін, тіпті іс-шаралар күнтізбесін цифрландыруға дейінгі мәселелер қозғалды.
Астана: бір реттік шара ма, әлде жүйелі даму ма?
Астанада 2025 жылға жоспарланған 600-ден астам ірі іс-шара бар. Соның бірі — Дженнифер Лопестің концерті. Шара елорда қонақүйлерінде брондаудың айтарлықтай өсуіне ықпал еткен.
Дегенмен, мамандар туризмнің бір реттік шаралармен ғана шектелмеуі керек екенін айтып отыр. «EXPO-2017 көрмесінен кейін мұражай жабылды, Көшпенділер ойындарынан кейін ешқандай із қалмады. Бізге тұрақты инфрақұрылым қажет», – дейді Астана кәсіпкерлер палатасының жанындағы салалық кеңес төрайымы Татьяна Верницкая.
Сала өкілдері өндірістік, ғылыми, гастрономиялық және білім беру туризмі бағытында нақты жұмыс жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар инклюзивті ортаны қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Қазірдің өзінде елордада 1000-ға жуық туристік нысанды зерттеу жоспарда бар.
Ақмола облысы: лицензия мәселесі маусымды құртуы мүмкін
Бурабай – елдегі ең танымал бағыттардың бірі. Бұл аймақта 137 млрд теңгеге 118 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Дегенмен, өңір үшін балалар туризмінің болашағы алаңдатарлық.
2026 жылдан бастап балаларға білім беру мен медициналық қызмет көрсетуге лицензия талап етілмек. Бұл талаптарға мемлекеттік лагерлер бейімделе алады, ал жеке меншік демалыс орындары «заңды вакуумда» қалғалы тұр.
«Маусымға қауіп төніп тұр. Лагерьлердің аккредитациясы, суда жүзу бойынша рұқсатнама секілді мәселелер әлі шешілген жоқ», – дейді Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының басшысы Қайрат Сұлтанов.
Павлодар облысы: оқиғалар туризміне үміт
Павлодар өңірі Баянауыл ұлттық паркі мен киелі жерлерге арқа сүйеуде. Алайда туризм инфрақұрылымы бұл әлеуетке сай емес. Жер телімдерін рәсімдеу, абаттандыру, бірыңғай стандарттардың жоқтығы кедергі болып тұр.
«Қызыл Тау» ЖШС директоры Арман Рахмашевтің айтуынша, Баянауылдың пайдаланылмаған тау аймағында зәкірлік жоба жасау керек.
Аймақта оқиға туризмі де қолға алынып келеді. 14 маусымда Ertis Promenade аясында концерттер, би батлдары және отандық фильмдердің көрсетілімі өтеді. Сондай-ақ QJ League қыздар футбол лигасы, «Иртышские зори» турнирі және Екібастұз марафоны секілді спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Кездесуде елорда мен өзге өңірлерден келетін туристер үшін арнайы турлар әзірлеу ұсынысы да айтылды.
ҰКП Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова ұлттық парктер аумағындағы жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін Экология министрлігімен бірлескен жеке отырыс өткізуді ұсынды.
Бірыңғай күнтізбе керек
ҰКП өкілдері аймақтық емес, республикалық деңгейде барлық іс-шараны қамтитын бірыңғай күнтізбе жасауды ұсынды. Бастаманы саланың ардагері Шынарбек Батырханов қолдады.
«Бұл картада халықаралық, аймақтық оқиғаларды сүзгілер арқылы қарауға болады. Ақпараттың қолжетімділігі мен құрылымдылығы артады», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, мұндай кездесулер – өңірлік туризмнің нақты проблемаларын ашық айтып, шешім қабылдаудың маңызды алаңы.
Айта кетейік, отырыстар жалғасады. Кәсіпкерлердің ұсыныстары мен шағымдары профильдік министрліктер деңгейінде қаралып, нақты шешімдерге негіз болады.