Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада еңбек саласындағы саясатты дамыту, «Еңбек адамы» бейнесін танымал ету, жұмыспен қамту, көші-қон, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қамтамасыз ету, еңбексүйгіштікке баулу жұмыстары күшейе түсті десе де болады. Осы орайда, «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» қалай іске асуда? «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі қалай жұмыс жасап жатыр? Түрлі салалар бойынша кадр даярлаудың жаңа моделі қалай қалыптасуда? Бұл жолы біз осы сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Иә, 2025 жыл Президент Жарлығымен Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған болатын. Бұл ретте, Астана қаласында жұмысшы мамандықтарды халық арасында, әсіресе, жастарға насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Біз бұл жайында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скубтан толығырақ сұрастырған едік.
«Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып тектен-тек жарияланып отырған жоқ. Соңғы уақытта жастар жағы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге әуестеніп кетті. Мұны олардың гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды көбірек таңдауынан да айқын аңғаруға болады. Соның ішінде екінің бірі заңгер, экономист мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп алып, соңында блогер болып кететін жағдайға жиі жолығып отырмыз. Бұл нені білдіреді? Яғни, жастар ауыр жұмыс жасағысы келмейді деген сөз. Бәрі бірдей бастық не мобилограф болғысы келеді. Сонда жарықты кім жүргізеді, үйді кім салады, темірді кім балқытады? Міне, еңбек нарығында осындай сұрақ туды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да дер кезінде байқап, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді.
Сол бойынша бүгінде Астанада бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсам, халықты жұмыспен қамту шаралары бұрынғыдай емес, бұл жолы көбірек жоспарланып, іске асырылуда. Елордамыздың жұмыссыз азаматтарын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша, оның ішінде 8 мыңнан астам адамды қамтитын «JOLTAP» жобасы бойынша кәсіптік оқытудан өткізіп жатырмыз. Оның 5 мыңнан астамы электр газбен дәнекерлеуші, автомобиль жүргізушісі, ағаш ұстасы, жиһаз өндірісінің шебері, аспаз, шаштараз, тігінші, флорист, сәнгер-конструктор, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май мен автошиналарды ауыстыру бойынша авто-маман және тағы басқа» дейді ол.