Жәбірленуші баланың отбасы полицияға арыз түсірген. Алайда олар істің жабылып қалуынан қауіптенеді.
– Баламның денесі көгеріп кеткен, мұрнынан қан кетіп жатыр, өзі қатты психологиялық күйзеліске түсті. Бізге ескерту жасаған: «Егер біреуге тіс жарып айтса, тағы да соққыға жығамыз» деп. Мен үндемей қала алмаймын. Балам үшін қорқамын, бірақ өзгелердің баласына да қауіп төніп тұрғанын ойласам одан бетер қорқамын, – дейді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленушінің ата-анасы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен құқық қорғау органдарынан араласуды және істің жабылмауын талап етіп отыр.
Атырау облыстық полициясы Еркінқала ауылындағы топтық соққыға қатысты пікір білдірді:
– Қасақана дене жарақатын келтіру дерегі бойынша күдікті жасөспірімдердің барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Жасы кәмелетке толмағандықтан, олар заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алатын болады. Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір болған оқиғаның барлық жай-жапсары анықталу үстінде. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәлімет берілмейді. Іс құқық қорғау органдарының бақылауында, – делінген хабарламада.