Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

15 жастағы белсенді – әкімдер ұмытқан істі қолға алған оқушы

Қала көшеден тұрады. Көшенің бойы – мәдениет айнасы. Ал сол көшеде балаң қауіпсіз жүре ала ма? Бұл – жай ғана сұрақ емес, қоғам қамқорлығының өлшемі.

Жақында Қызылордадан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Тәуекел Аяулымның "Мектепке қауіпсіз жол" жобасы туралы біліп, ішім жылып қалды. Аяулым – биыл 50 жасқа келген бір қала әкімі әлі қолға алмапты деген істі 15 жасында бастап кеткен қыз.

15 жастағы белсенді – әкімдер ұмытқан істі қолға алған оқушы
Аяулым Тәуекел

"Үлкен өзгеріс – кішкентай қадамнан басталады" дейді ол. Шындық.

Аяулым өз зерттеуін туған үйінің маңындағы 500 метрлік радиустан бастайды. Бұл — күн сайын жүздеген оқушы басып өтетін жол. Осы шағын аумақтың өзінде бірнеше маңызды мәселені анықтаған. Мәселен, №1 мектептің аумағында көліктердің бейберекет қойылуы, жаяу жүргіншілер өткелдерінің көмескі көрінуі, жол белгілерінің болмауы, кешкі уақытта көше шамдарының жеткіліксіздігі — бәрі оқушы үшін қауіп төндіреді. Қала орталығындағы сауда орталықтары маңынан да осындай мәселелер байқалған. 

«Бастамамның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін осы зерттеу барысында түсіндім», — дейді Аяулым.

Ол бір емес, бірнеше сұхбат алып, ата-аналар, депутаттар, тіпті учаскелік инспектормен сөйлескен. Тіпті, қауіпті нүктелерді онлайн картаға белгілеген. Бұл – кәдімгі зерттеу ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің үлгісі. Біз кейде “жастар ештеңеге қызықпайды” деп күңкілдейміз. Бірақ жастардың үнін еститін құлақ, бастамасын қолдайтын алаң болмаса, қайдан қызық болсын?

Аяулымның жобасы Vision Zero тұжырымдамасына негізделген. Бұл – жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді нөлге түсіруге бағытталған бағдарлама. Мектеп маңындағы көлік тәртібінен бастап, кешкі жарықтың жетіспеуіне дейін нақты проблема көтерілген. Ол тек мәселені айтып қоймай ұсыныс жасап отыр. Әкімдікке жолданатын нақты 10 тармақ дайындалып жатыр екен.

Мәслихат депутаты Ділмұхамед Абизовпен кездесу

Қарапайым, бірақ маңызды бір түйінге келеміз:

•Қауіпсіздік деген – заң емес, сана.

•Қоғамды өзгерту деген – трибунада тұрып айқайлау емес, көшедегі кішкентай олқылықты байқаудан басталады.

Бұл жоба — бір оқушының жеке белсенділігі ғана емес, қоғамға үлгі боларлық іс. Жол қауіпсіздігі — тек әкімдікке немесе полицияға ғана қатысты сала емес. Ол — әрбір ата-ана, әрбір жүргізуші, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Жоба авторы ақпараттық сессиялар арқылы ата-аналар мен оқушылар арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқысы келеді.

Жас респонденттермен сауалнама жүргізу

Аяулымның сөзінде маған ерекше әсер еткен мына бір ой болды:

"Қоғам жастарды қолдау үшін ең алдымен оларға сенім артып, пікірін тыңдап, бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруі керек".

Бұл – тек жастар үшін емес, барша азаматқа қатысты шындық. Бізге енді құр жиналыс пен декларация емес, осындай нақты іспен сөйлейтін буын керек. Қоғамда бір "ауылдың қызы" көшені қауіпсіз етуге шындап кірісіп жатса – бұл тек мектеп жобасы емес, үлкендердің ұйқысын ашатын қоңырау болуы тиіс.

«Құрдастарыма айтарым – өз ортаңызды жақсы жаққа өзгертуден қорықпаңыз. Жас болсақ та, үлкендермен тең дәрежеде үн қосып, мәселе көтеруге құқығымыз бар», — дейді кейіпкеріміз. Расында, үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталады.

Аяулым – үнсіз қалмаған жас. Ол өз қаласы үшін алаңдап қана қоймай, зерттеп, ұсыныс жасап, нақты әрекетке кіріскен. Бұл – өзгелер үшін де ойланатын, ойланып қана қоймай, қимылдайтын сәттің келгенін көрсететін үлгі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату