2025 жылғы 5 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстың көптеген беттері әлі де толық ашыла қойған жоқ. Осыған байланысты Президент Архиві бұрын-соңды жарияланбаған құжаттар мен фотосуреттерді жинақтап, тың еңбекті көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шараны Архив директоры Әлия Мұстафина ашып, соғыс жылдарындағы ерлікті ұрпақ жадында сақтау маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол басылымды әзірлеуге атсалысқан архив қызметкерлері мен серіктес ұйымдарға ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз», – деп айтқан болатын. «Ерлікке тағзым» кітабы – архивтік фотосуреттер мен құжаттар негізінде дайындалған ғылыми-зерттеу жұмысы. Бұл басылым Президент Архивінің қорындағы деректерді кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Кітапқа еліміздің және шетелдік архивтер мен кітапханалардан алынған фотосуреттер мен құжаттар енгізілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар облысының мемлекеттік архиві, Ресей мемлекеттік қоғамдық-саяси тарих архиві және өзге де мекемелерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз, – деді Әлия Мұстафина.
Басылымда Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова секілді батырлардың естеліктері қамтылған. Онда нақты оқиғалар мен тағдырлар, олардың сезімі мен ерлігі баяндалады. Кітапта қазақстандық әскери бөлімдердің майдандағы қаһармандығы, елдің соғыс жағдайына бейімделуі, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуы және республиканың майдан арсеналына айналуы туралы кеңінен сөз болады.
– Бірінші бөлімде – Қазақстанның әскери құрамаларының соғыс қимылдарына қатысуы, соғыс уақытындағы баспасөзге шолу, сондай-ақ қазақстандық әйелдердің Жеңіске қосқан үлесі қамтылған. Зерттеулерге сүйенсек, майданға кемінде 9,5 мың әйел аттанған. Екінші бөлімде – Қазақстанға эвакуацияланған өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығының маңызы айтылды. Ал үшінші бөлім тылда еңбек еткен қарапайым халықтың өміріне арналады. Майдан шебінде болмаса да, тылдағылардың жанкешті еңбегін елемей қоюға болмайды. Олардың ерен еңбегі мен Отанға деген сүйіспеншілігі ешқашан ұмытылмайды, – деді кітапты құрастырушылардың бірі Е.В. Чиликова.
Айта кетейік, кітапты әзірлеу жұмысы екі жылға созылған. Архив мамандары өз қорларынан бөлек, өңірлік архивтер, ұлттық кітапханалар, сондай-ақ Өзбекстан мен Ресейдің архивтерінен де материалдар жинақтаған. 253 беттік басылымға 30-дан астам газет қиындысы, 170-тен астам фотосурет және 130 тарихи құжат енгізілген. Бұл бірегей деректер оқырмандарға соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың өмірін тереңірек тануға мүмкіндік береді.