Оның сөзінше, заң талаптарының орындалмауы тұрмыстық қалдықтарды басқарумен айналысатын бизнестің тұралауына, қалдықты сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындардың жаппай жабылуына және полигондардағы қоқыс көлемінің артуына әкеп соққан.
Мәселен, Алматыдағы Green Recycle зауыты жылына 550 мың тонна қоқыс қабылдайды. Соның тек 20 пайызы ғана қайта өңделеді, ал қалған 80 пайызы топыраққа көміледі.
Қазақстанда 2973 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар. Бірақ соның тек 20,4 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Елде жыл сайын орта есеппен 4,5 миллион тонна қоқыс жиналса, соның шамамен 1 миллионы ғана – яғни 22%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді. Ал қалған 3,5 млн тоннасы топыраққа көмілуде.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Экологиялық кодексте бекітілген РӨО (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) талаптарының нақты іске аспауы мен «Жасыл даму» компаниясының оператор ретіндегі жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауынан ушығып отыр.