Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ғарыш – болашақ қоқыс полигоны ма?

Жапония билігі ғарыштағы қоқысты тазалауға қатысты халықаралық ереже қабылдауды ұсынбақ. Бұл туралы Kyodo агенттігі хабарлады.

Ғарыш – болашақ қоқыс полигоны ма?
Фото: Forbes

Бүгінде Жердің орбитасында мыңдаған жарамсыз спутниктер, зымыран қалдықтары мен түрлі металл сынықтары айналып жүр. Олар секундына 8 шақырымға дейінгі жылдамдықпен қозғалады және кез келген сәтте жұмыс істеп тұрған құрылғылармен, тіпті Халықаралық ғарыш станциясымен соқтығысуы мүмкін.

«Көлемі гайкадай ғана сынықтың өзі спутникті тесіп өте алады», – деп жазады агенттік.

Қазір орбитада шамамен 3 мың істен шыққан спутник пен 2 мыңға жуық зымыран сынығы ұшып жүр. Ал көлемі бір миллиметрден асатын майда қалдықтардың саны 100 миллионнан асып кеткен деген мәлімет бар.

Осы күрделі мәселені шешу үшін Жапония сала мамандарынан тұратын арнайы жұмыс тобын құруды жоспарлап отыр. Олар, мысалы, ғарыш сынығы кімге тиесілі – мемлекетке ме, әлде жеке компанияға ма, соны анықтау жолдарын қарастырады. Сондай-ақ біреудің ғарыштағы қалдығын рұқсатсыз жоюға бола ма, жоқ па – бұл сұраққа да жауап қажет.

«Ғарыш қоқыс алаңына айналып кетпеуі үшін бүкіл әлемге түсінікті ортақ ережелер қажет», – дейді Жапония үкіметіндегілер.

Болжам бойынша, Жапония бұл бастамасын 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның ғарыш жөніндегі арнайы комитетінде ұсынбақ.

Айта кетейік, Жапонияда орбитаны тазалаумен айналысатын жеке компаниялар да бар. Мысалы, Astroscale Japanбылтыр арнайы спутник арқылы ғарыш қоқысының бір бөлігін тауып, суретке түсірген. Компания 2027 жылы сол қалдықты орбитадан шығаруды көздеп отыр.

Қазір егер Жапонияның спутниктеріне қоқыспен соқтығысу қаупі туса, олар бағытын өзгертеді. Алайда мамандар бұл – уақытша шешім екенін, ал егер ғарышты қазірден тазаламаса, болашақта жағдай одан әрі ушығатынын ескертуде.

 

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату